Алматыда «Кропаль» ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі ұсталды

Бүгін, 09:47 / Қайсар Қалам
сурет: ҰҚК

Алматы қаласында қылмыс әлемінде «Кропаль» деген лақап атпен танымал 40 жастағы Асылбек Тілетпеков ұсталды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл оның өмірбаянындағы алғашқы қылмыстық іс емес. 2010 жылы Тілетпеков Шымкент қаласында екі тапаншамен ұсталған болатын. Оның бірі — жауынгерлік патрондармен оқтауға бейімделген «Байкал» мылтығы болса, екіншісі — резеңке оқтармен ататын «Оса Лазер» пневматикалық қаруы. Сараптама қарулардың атуға жарамды екенін растап, сол кезде оған қатысты қаруды заңсыз сақтау және алып жүру бабы бойынша іс қозғалған.

Бұған дейін ол 2004 жылы бұзақылық пен тонау үшін, ал 2008 жылы қару сақтағаны үшін сотты болған. Сол уақытта ол бір жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылған еді. Ішкі істер министрлігі оны «қылмыстық ортаның тұрақты қатысушыларының» бірі ретінде жедел есепке алған.

Қазіргі таңда Тілетпеков «Кропаль» ұйымдасқан қылмыстық тобына жетекшілік етті деп күдіктелуде. Жаңа істің егжей-тегжейі әзірге жарияланған жоқ.

Тэгтер:

қылмыс ҰҚК Кропаль