Соңғы тәулікте Ресей әскері Украинаның энергетикалық инфрақұрылымына мақсатты түрде соққы жасаған жоқ, деп мәлімдеді ел президенті Владимир Зеленский.
Мемлекет басшысының нақтылауынша, Ресей армиясы майдан шебіндегі және шекара маңындағы аймақтарда энергетикалық нысандарды атқылауды жалғастырып жатыр. Дегенмен, зымырандар мен «Шахед» дрондарын қолдана отырып, арнайы энергия жүйесіне қарсы бағытталған ауқымды шабуылдар тіркелмеген.
«Ресей армиясы бұған дейінгі күндердегідей, біздің логистикамызға, соның ішінде ең алдымен теміржол қатынасына қарсы террор жасауға көшті», — деп атап өтті Зеленский.
Сонымен қатар, президент елордадағы жағдай туралы да айтып өтті. Киевте 200-ден астам тұрғын үй әлі де жылусыз отыр. Оның айтуынша, бұл жағдай негізінен техникалық апаттармен байланысты.