Серік Сәпиев ҚР Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі – XX жазғы Азия ойындарына дайындық жөніндегі штабтың спорт блогының үйлестірушісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл шешім өткен жылы күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңның жаңа редакциясында қарастырылған ротация жүйесі аясында қабылданды.
Айта кетсек, Серік Сәпиев — бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, 2010 жылғы Гуанчжоудағы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы. Ол бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, өңірлік басқарма басшысы қызметтерін атқарған. Бүгінде ол ҚР Ұлттық Сурдлимпиадалық комитетінің президенті болып табылады.
Сонымен қатар, штаб құрамына Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, ұлттық спорт федерацияларының басшылары, сондай-ақ спорт саласының ардагерлері кірді. Олар дайындықтың әрбір кезеңін пысықтап, қойылған міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ететін болады.
Жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтеді. Азиада-2026 бағдарламасына спорттың 41 түрі енгізілген. Барлығы 68 дисциплина бойынша 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады: 217-сі ерлер арасында, 204-і әйелдер арасында және 39-ы аралас санаттарда. Бағдарламаға олимпиадалық, олимпиадалық емес және дәстүрлі азиялық спорт түрлері кіреді.