Алаш зиялылары ұстанған ұлттық идея — тәуелсіз Қазақстанның алғашқы тұжырымдамалық идеологемасыболып табылады. Жиырмасыншы ғасырдың басында қалыптасқан бұл бес негізгі бағыт бүгінгі Қазақстан Республикасының «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» және «Мәңгілік ел» сияқты стратегиялық даму жоспарларының рухани және саяси негізіне айналды. Тарихшылардың пайымдауынша, 1991 жылы Қазақстанның өз мемлекеттілігін алуы Алашорда идеяларының заңды жалғасы болып саналады.
Алаш идеясының ең басты қағидасы — жер тұтастығы мәселесі. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жері қазақтар оны ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, ешқандай жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі тиіс еді. Бұл ұстаным бүгінгі «Мәңгілік ел» стратегиялық жоспарындағы жердің маңыздылығы мен оны қорғау мәселесімен тікелей үндеседі. Көне түркі дәуірінен бастау алатын жерге деген құрмет пен оның қолсұғылмаушылығы қазіргі мемлекеттік саясаттың да ажырамас бөлігі болып қала бермек.
Екінші маңызды бағыт — ұлттық байлық пен ресурстарды бақылау. Алаш қайраткерлері жердің астындағы, үстіндегі және аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек деп есептеді. Ә. Бөкейхановтың «Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» деген сөзі бүгінгі таңда «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламасындағы жер байлықтарын игеру және оны халық игілігіне жарату мақсаттарымен сабақтасып жатыр. Бұл принцип еліміздің экономикалық егемендігін нығайтудың негізгі тетігі ретінде қарастырылады.
Экономикалық салада Алаш зиялылары толық тәуелсіздік пен өңдеу өнеркәсібін дамытуды жақтады. Олар «қазақ жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекет азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек» деген талап қойды. Бұл идея бүгінгі Қазақстанның импортты алмастыру және отандық өндірісті қолдау саясатына ұқсас келеді. Егер өткен ғасырда Қазақстан Ресейдің шикізат көзі болса, бүгінде Ә. Бөкейхановтың бұл ұстанымы ел экономикасының өз-өзін қамтамасыз етуіне бағытталған ұраны ретінде өз маңызын сақтап отыр.
Сонымен қатар, Алашордашылар қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні және ділі үстем болуы керек деп санады. Бұл бағыт қазіргі таңда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары қазақ тілінің мәртебесін арттыру және ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар Алаш зиялыларының асыл армандарының біртіндеп іске асып жатқанын көрсетеді.
Ақырында, Алаш зиялыларының негізгі мақсаты — Жапонияның үлгісіндегі, ғылым мен ұлттық салт-дәстүрге негізделген демократиялық мемлекет құру болды. Бүгінгі Қазақстан заманауи конституциялық үлгіні таңдағанымен, Алашорданың ұлттық демократия мен саяси сауаттылықты арттыру жолындағы идеялары мемлекетіміздің даму жолындағы «темірқазығы» болып табылады. Осылайша, Алаш идеялары — өткен мен болашақты жалғайтын, ұлттық болмысымызды сақтайтын басты құндылық.