Тіл тағдыры таразыда: Қазақ тілі құқық тілі болуы тиіс

Бүгін, 09:55 / Камила Дүйсен
//www.instagram.com/erzat_1978/

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысын бастағалы бері әлеуметтік желілерде Конституция жобасының 9-бабының 2-тармағын алып тастау туралы талап күшейді. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қатысты алаңдаушылық артып отыр. Мемлекет азаматтардың осы бағыттағы ұсыныс-пікірлерін ескере ме? Қазақ тілінің мәртебесін көтерудің өзге амалы қандай? Осы мәселе төңірегінде профессор, философ, Ерзат Жетібаевтың көзқарасын білдік.

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде бұл талаптарға толықтай жауап бере алады, дейді ғалым.  Дегенмен оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдік контексті ескерсек, Ресей біздің басты стратегиялық көршіміз болғандықтан, екітілді модельдің сақталып келуі заңды үрдіс.

«Қазақстан мемлекет ретінде мұндай талаптарды орындауға толық қабілетті. Алайда егемендік жағдайында саяси азаттық пен дербестігіміздің мүмкіндігі шектеулі болып келгендіктен, ішкі саяси-әлеуметтік ахуалды тұрақты ұстау, яғни қоғамда алауыздық туғызбау басты мақсат болды. Соған қарамастан, заң нормаларын жазу мәдениетін қалыптастырып, тіл мәселесінің мәртебесін көтеру бағытында қазақ мүддесіне қарай нақты бетбұрыс жасалса, айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізуге болатыны анық», - дейді Ерзат Жетібайұлы.

Ғалым қазақ тілін өзіне тән философиясы бар, терең тілдердің қатарына жатқызады. Сондай-ақ ол қазақ тілі заң нормаларын жүйелеуге, талдауға және жетілдіруге қабілетсіз деген пікірдің қисынсыз екенін жеткізді.

«Қазақ тілі латын және неміс тілдерімен қатар, күрделі құқықтық, философиялық ойларды дәл әрі терең жеткізе алатын тілдердің қатарында. Бұған тарихи тілдік тәжірибе дәлел. Мәселен, революцияға дейінгі кезеңде бір сөздің екі түрлі дыбысталуына мән берілген. «Әрекет» пен «қарекет» сөздерінің айырмасы соның айқын көрінісі. Сол кезеңдегі еңбектерде «әрекет» белгілі бір жүйені бұзуға бағытталған, қатыгездікке жақын қимылды білдірсе, ал «қарекет» игілікке, жасампаздыққа бағытталған іс-қимыл мағынасында қолданылған. Мұндай тілдік ерекшеліктер Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің және өзге де ойшылдардың еңбектерінде кеңінен кездеседі», - дейді ғалым.

Осы тұрғыдан алғанда, Ерзат Жетібайұлы қазақ тілінің мәртебесін көтерудің ең тиімді жолы – барлық заң нормаларын толықтай қазақ тілінде қалыптастыру деп атап өтті.

«Қажет болған жағдайда кез келген азамат оны өзге тілге аударып пайдалана алады. Еуразия кеңістігінің ортасында орналасқан мемлекет ретінде біз өз үстемдігімізді нығайтуға ұмтылуымыз керек. Өйткені қазақ тілінде мәдени әрі өркениеттік артықшылық бар. Қазақ қоғамы ерте заманнан бері діни плюрализм мен толеранттылық рухында қалыптасты. Көпконфессиялы ерекшелігіміз кеңестік кезеңде ғана емес, одан бұрынғы тарихи дәуірлерде де айқын көрініс тапқан. Қазақ жерінде өзге этностардың шоғырлануы, төре, төлеңгіт секілді рулардың қазақ шежіресіне енуі – ұлттық плюрализмнің, өзге халықтардың құндылықтарына түсіністікпен қараудың белгісі. Осы артықшылықтарды айқындау үшін тілдің үстемдігі қажет», - деген ойымен бөлісті ол.

Сондай-ақ маман қалай болғанда да, тіл саясаты үстем тұру керек деген пікірде.

«Қазақ тілінде «сыңар езу» деген ұғым бар, оны «қос езу» деп те атайды. Тілдік плюрализмнің шектен тыс болуы осы сыңарезулікке алып келеді. Бұл – саяси-әлеуметтік әлсіздіктің, жігерсіздіктің белгісі. Бір кездері біз қазақ-орыс тілді ел едік, бүгінде үштілді модельге бет алып барамыз. Егер сыртқы ықпал күшейе берсе, мысалы қытай тілінің ықпалы артса, төрттілді елге айналамыз ба деген заңды сұрақ туындайды», - деп ойын өрбітті Ерзат Жетібайұлы.

Оның пайымдауынша, дербестігіміз ең алдымен тіл саясатынанын басталады, сондықтан барлық құжаттар мен заңнамалар бірінші қазақ тілінде жазылуы қажет.

«Бұрын қоғамда белгілі бір үрей болды. Орыс тілі империялық жүйенің ортақ тілі ретінде айналасындағы өзге ұлттарға үстемдік етті. Алайда бұл режим құлағаннан кейін қазақ қоғамының келесі қадамы – өзінің саяси дербестігі мен азаттығын нақты дәлелдеу болуы тиіс. Мұнда сөз егемендік туралы ғана емес, дербес әрі азат мемлекет болудың мазмұны туралы болып отыр. Бұл үшін тіл саясаты саласында үстемдік болуы қажет. Бұл өзге тілдерді кемсіту емес, өз тіліңе құрмет көрсету»,  - деп сөзін түйіндеді сарапшы.

Ерзат Жетібайұлы өз елдігімізді айқындау үшін біз ойымызды қазақ тілінде білдіруге, заңдық құжаттар мен нормаларды қазақ тілінде жазуға толық құқылымыз және оған барлық мүмкіндігіміз бар екендігін айтты.

Тэгтер:

қазақ тілі реформа конституция