Көзіне ота жасатып шыққан азамат аяқ асты көз жанарынан айрылып қалды (ВИДЕО)

4 ақпан, 2026 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Бразилияда көру қабілетін қалпына келтіру үшін екі жыл бойы ота күткен ер адам клиникадан шыға салысымен соққыға жығылып, жаңа ғана ота жасалған көзінен қайта айырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

44 жастағы азамат Нова-Андрадина қаласындағы мектептердің бірінде тазалықшы болып жұмыс істеген. Дәрігерлер оған Кампу-Гранди қаласындағы клиникада сейсенбі күні көптен күткен көз операциясын сәтті жасаған.

Алайда медициналық мекемеден шығып бара жатқан сәтте ер адамға 26 жастағы баспанасыз тұрғын шабуыл жасаған. Куәгерлердің айтуынша, күдікті ешқандай себепсіз оның бетіне соққы беріп, тура жаңа ғана қалпына келтірілген көзіне тигізген.

Зардап шегуші шұғыл түрде қайтадан операцияға алынды. Дегенмен дәрігерлер зақымның қайтымсыз екенін айтып, көзді сақтап қалу мүмкін болмағанын мәлімдеді.

Шабуыл жасаған адам көп ұзамай ұсталды. Тексеру барысында оның бұған дейін кемінде жеті рет себепсіз адамдарға шабуыл жасағаны анықталған. Бұл жолы да ол науқасты соққыға жыққаннан кейін тағы бір өтіп бара жатқан адамға шабуыл жасаған.

Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр, оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Тэгтер:

ота көз