Банктердің табысы артты, халық тағы қарызға батты

Бүгін, 21:24 / Камила Дүйсен
Freepik коллаж

Инфляцияны тежеу үшін Ұлттық банк түрлі тетіктер қолданады. Десе де, сарапшылардың айтуынша, бөліп төлеу қолжетімді болған сайын халық қымбатшылықты сезбейді. Нәтижесінде, нарықта сұраныс артып, инфляция да өрши түспек. Бұл құбылыс дәл қазір елдегі екінші деңгейлі банктердің оң жамбасына келіп тұр. Банктердің табысқа кенелгенін олардың тапқан таза пайдасынан білуге болады. Ал ол пайда қарапайым халықтың қалтасынан өндірілгенін ескерсек, ненің өсіп, ненің өшіп жатқанын бірден-ақ саралайсыз. Өйткені банк секторы үшін ең үлкен табыс көзі тұтынушылық несиелер болып отыр.

Өткен жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметке сәйкес, елдегі барлық екінші деңгейлі банктердің жиынтық таза пайдасы 2,5 трлн теңгеге жеткен. Ranking сараптама орталығының мәлімдеуінше, бұл бір жылда 7,2 пайызға немесе шамамен 168 млрд теңгеге артқанын көрсетеді.

Банктердің бір бөлігі пайданы ерекше қарқынмен көбейткен. Мәселен, Bereke Bank бір жыл ішінде таза пайдасын 2,2 еседен астам арттырса, KZI Bank пен ICBC Almaty табысын 45-47 пайызға ұлғайтқан. Банк ЦентрКредит пен Home Credit Bank те пайдасын 25-30 пайыз шамасында өсірген.

Жалпы алғанда, банктердің таза пайдасы 2021 жылдан бері үздіксіз өсіп келеді. Бұл үрдіс халықаралық рейтинг агенттіктерінің де назарын аударып, Қазақстанның банк секторына қатысты бағалардың жақсаруына себеп болды.

Банктердің табысы артқан сайын олар экономикаға несие беруді жалғастырып келеді. Алайда бұл табыстың негізгі көзі – несиелік өнімдер, соның ішінде тұтынушылық қарыздар екені белгілі. Банктер үшін пайда өскенімен, бұл жағдай халықтың қарыз жүктемесінің де ұлғайып жатқанын аңғартады. Яғни бір жағынан банктер миллиардтаған теңге пайда көрсетіп отырса, екінші жағынан қарапайым азаматтар үшін несие мен қарыз күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып барады.

Ұлттық экономика министрлігі жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Елдар Шамсутдиновтің сөзінше, Қазақстанда тұтынушылық несиелеу құрылымы инфляцияға қатты әсер ететін «бай» елдерге ұқсас. Оның пікірінше, бөліп төлеу халықты бағаның өскенін сезбестен, ойланбай қарыз алуға итермелейді. Адамдар ай сайынғы төлемнің аздығына алданып, жалпы қарыз көлемін ескермей қояды, бұл кейін қаржылық қиындықтарға әкеледі. Қазірдің өзінде үй шаруашылықтарының шамамен 50 пайызы табысының 30 пайызынан астамын қарыз өтеуге жұмсап отыр.

Ал экономист Бауыржан Ысқақов бөліп төлеуді бүгінгі сұранысты ертеңгі табыс есебінен тарту деп сипаттауға болатынын айтты. Яғни адамның қолында ақшасы болмаса да, тауарды қазір сатып алуына мүмкіндік бар.

«Бұл өз кезегінде нарықтағы сұранысты арттырады. Ал сұраныс өскен жерде бағаның да қымбаттайтыны белгілі. Бұл – классикалық инфляциялық тетік. Бүгінде тұрмыстық техника, электроника, киім-кешек, тіпті азық-түлікке дейін бөліп төлеу арқылы сатып алу кең тарады. Мұның бәрі инфляцияны жасырын түрде күшейтетін факторлар», - дейді сарапшы.

Оның пайымдауынша, номиналды қолжетімділік тұрғысынан қарасақ, бөліп төлеу халыққа «сатып алу мүмкіндігі бар» деген иллюзия береді. Алайда нақты табыс, яғни жалақыға шаққандағы сатып алу қабілеті өспейді. Керісінше, қарыз жүктемесі ұлғая бермек.

«Нәтижесінде бүгінгі өмір сүру жеңілдегендей көрінгенімен, ертең табыстың белгілі бір бөлігі банктерге кетеді. Билік халықтың нақты табысының төмендігін осы тетік арқылы әдейі жауып отыр деп кесіп айту қиын. Бірақ де-факто оның әсері дәл сондай. Өйткені бөліп төлеу уақытша әлеуметтік қысымды азайтады, тұтынушылық белсенділікті сақтайды және халықтың сатып алу қабілеті «жақсы» деген статистиканы қалыптастырады», - деп сөзін жалғады экономист.

Маманның айтуынша, нақты табысты арттыру, яғни өнімділікті көтеру, жалақыны өсіру, сапалы жұмыс орындарын құру — ұзақ әрі саяси тұрғыдан күрделі процесс. Сондықтан бөліп төлеу құрылымдық реформалардың орнына уақыт ұтатын құрал ретінде жұмыс істеп отыр.

«Ұзақ мерзімді тәуекелге келсек, егер экономика жалақыға емес, қарыз арқылы тұтынуға, соның ішінде бөліп төлеуге сүйенетін болса, дефолттық тәуекелдер күшейіп, инфляцияны тежеу барған сайын қиындайды. Яғни бүгінгі комфорт ертеңгі проблемаға айналуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, бөліп төлеу инфляция жағдайында ауырсынуды уақытша басатын дәрі секілді ғана әсер етеді. Ал нақты табыс өспейінше, бұл «дәрінің» дозасы үнемі ұлғая береді. Сондықтан инфляцияны төмендету үшін елдің төлем қабілеті мен импортқа қарсы экономикалық иммунитеті күшейтілуі қажет деп есептеймін», - дейді Бауыржан Ысқақов.

Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин бұған дейін классикалық бөліп төлеу (BNPL) бойынша толық дерек жоқ екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, банктер арқылы берілетін бөліп төлеу несиелері кредиттік тіркеуде көрсетілгенімен, банкке жатпайтын ұйымдар ұсынатын бөліп төлеулер есепке алынбайды. Қазір қарыз алушылардың 63 пайызы, яғни шамамен 4,9 млн адам бөліп төлеуді пайдаланып отыр.

Тэгтер:

қарыз несие кредит