Пәкістан астанасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары аясында бірқатар маңызды мәдени-білім беру нысандары ашылды. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биігі – Орталық Азия ислам білімі, мәдениеті және өркениетіне бағытталған Ясауи зерттеу орталығы, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл жоба – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Исламабад Халықаралық ислам университетінің ортақ бастамасы. Орталықтың негізі өткен жылдың қыркүйек айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде қаланған болатын.
Орталықтың мақсаты мен міндеттері:
Ғылыми интеграция: Түркі және үнді-парсы ислам дәстүрлерін, классикалық сопылық пен заманауи исламтану бағыттарын біріктіретін интеллектуалды алаң құру.
Мұраны насихаттау: Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің еңбектерін ағылшын, урду және араб тілдеріне аударып, кеңінен таныту.
Академиялық алмасу: Екі ел ғалымдарының Түркістан мен Исламабад арасында тәжірибе алмасуын, бірлескен лекциялар мен зерттеулер жүргізуін қамтамасыз ету.
Жаңа орталықтың ашылу рәсіміне Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Пәкістанның Федералды білім министрі Халид Макбул Сиддики қатысты. Рәсім барысында қасиетті Құран аяттары оқылып, орталықтың алдағы жұмыс жоспары таныстырылды.
«Бұл орталық Орталық және Оңтүстік Азия халықтарының рухани байланысын нығайтып, ғылымға негізделген ислам моделін ілгерілетуге қызмет етеді», — деп атап өтті жиынға қатысушылар.
Жыл соңына дейін Исламабадта Ясауи мұрасын кешенді зерттеуге арналған ауқымды халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, екі елдің университеттері білім беру бағдарламалары мен оқыту стратегияларын бірлесе әзірлеуге келісті.