2029 жылғы Қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді

Бүгін, 08:57 / Қайсар Қалам
Сурет: olympic.kz

Миланда Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы шейх Джоан бин Хамад Әл-Тани маңызды құжатқа қол қойды. Бұл келісім бойынша 2029 жылғы Қысқы Азия ойындарын Алматы қаласы қабылдайтын болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ресми рәсімге АОК басшылығы, Азия елдерінің Ұлттық Олимпиада комитеттері мен халықаралық спорт ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ 2026 жылғы Қысқы Олимпиада қарсаңында Миланда жүрген құрметті қонақтар қатысты.

«Алматының спорттық және қалалық инфрақұрылымы толық қалыптасқан. Бұл қаланы қосымша ауқымды құрылыссыз-ақ кешенді халықаралық жарыстар өткізуге болатын әлеуетті алаң ретінде қарастыруға мүмкіндік берді», – деп атап өтті ҰОК өкілдері.

Азия ойындарын Қазақстанда өткізу ел үшін маңызды оқиға болып қана қоймай, олимпиадалық спорт түрлерінің дамуына серпін бермек. Жарыстар толығымен дайын тұрған нысандар базасында өткізіледі деп жоспарлануда. Қолданыстағы спорт кешендері Қысқы Азияда бағдарламасына енетін спорттың барлық түрлері бойынша сайыстар ұйымдастыруға толық қауқарлы.

Геннадий Головкин бұл шешім туралы былай деді: «Мұндай деңгейдегі халықаралық жарыстарды ұйымдастыру – ел үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл халықаралық спорт қауымдастығының бізге деген жоғары сенімі мен Қазақстанның әлеуетін мойындауы. 2029 жылғы Азиада қысқы спорт түрлерінің дамуына тың серпін береді. Біз үшін бұл – жинақталған тәжірибе мен дайын инфрақұрылымға сүйене отырып, еліміздің ұйымдастырушылық қабілетін іс жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік. Қазақстан үшін Қысқы Азиаданы тағы да өз жерінде қабылдау – үлкен мәртебе».

Айта кетейік, бұған дейін 2029 жылғы Азия ойындарын өткізу құқығы Сауд Арабиясына берілген болатын. Алайда қабылдаушы тарап инфрақұрылымдық жобалардың ауқымдылығы мен дайындыққа қойылатын қосымша талаптарға байланысты жарыс мерзімін ауыстыру қажеттігін мәлімдеді.

Тэгтер:

головкин Азия ойындары 2029 жыл Қысқы ойындар