Трампқа қастандық жасамақ болған адам өмір бойына сотталды

Бүгін, 09:38 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ соты Дональд Трампқа қастандық ұйымдастырды деп айыпталған 59 жастағы Райан Раутты өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Оқиға саясаткер демалып жатқан гольф-клубының маңында болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сотта Раут өзін-өзі қорғап, Трампты өлтіру ниеті болмағанын алға тартты. Ол өз әрекетін тұлғалық бұзылыспен түсіндіріп, жазаны 27 жылға дейін жеңілдетуді және түрмеде психологиялық ем алуды сұрады.

Алайда айыптаушы тарап келесідей дәлелдерді ұсынды: күдікті қылмысқа бірнеше ай бойы дайындалған, кедергі жасаған кез келген адамды өлтіруге бекінген, өз ісіне еш өкініш білдірмеген деп тапты.

Оқиға қалай болды? 15 қыркүйекте құпия қызмет агенттері гольф-клубының қоршауындағы бұталар арасында мылтықпен жасырынған ер адамды байқап қалған. Күдікті оқ атпай қашып кеткенімен, кейін бейнебақылау камераларының көмегімен ұсталды. ФБР бұл оқиғаны республикашыл кандидатқа жасалған қастандық деп бағалады.

Айта кетейік, бұл Трампқа қарсы бағытталған жалғыз шабуыл емес. Осыған дейін, 13 шілдеде Пенсильваниядағы митинг кезінде 20 жастағы Томас Мэттью Крукс оған оқ атқан болатын. Ол кезде оқ саясаткердің құлағын ғана жанап өтіп, аман қалған еді.
 

Тэгтер:

сот АҚШ Трамп қастандық Райан Раут