Конституциядағы орыс тілін алып тастау туралы пікір білдірген ғалым қызметінен қуылғанын айтты

Бүгін, 13:24 / Arasha.kz
stan.kz

Конституциядан орыс тілін алып тастауды талап еткен Елдос Тоқтарбай өзін қызметінен шеттеткенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook-тегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов тіл мәселесіне қатысты жазбалары үшін оны Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен алып тастаған.

"Мені Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрлық кеңесінің төрағасы қызметінен тіл туралы жазған жазбаларым үшін алып тастапты. Кеңестегі екі әріптесіме "Орнын босатсын!" деп әмір беріпті. Бопты. Кетейік! Анығында, бұл – қоғамдық қызмет, яки бір тиын алмайтын ақысыз-пұлсыз жұмыс", – деп жазған ол.

Ал Мереке Құлкенов Ara Media тілшісіне берген қысқа түсініктемесінде бұл жайттан бейхабар екенін айтты.

"Ондай жиналыс болған жоқ. Жазбасын көрген жоқпын. Бейхабармын. Бүгін менің қолым тимейді. Жиналыс бүгін", – деді ол қысқа қайырып.

Айта кетейік, бұған дейін Мереке Құлкенов жаңа Конституция жобасын қолдайтынын айтып, орыс тілін «өмір бойы бізбен бірге келе жатқан тіл» деп сипаттаған еді. Сондай-ақ ол Жазушылар одағы төрағасы болып тағайындалған кезде «жазушылар оппозиция болмауы керек» деген пікір білдірген болатын.

Тэгтер:

ғалым жазушы Елдос Тоқтарбай