Комик Нұрлан Сабыровқа Ресейге кіруге тыйым салынды

Бүгін, 13:36 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Бүгін танымал комик Нұрлан Сабыровқа Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынғаны белгілі болды. Мұндай шешімге миграциялық және салық заңнамасын бұзу, сондай-ақ оның СВО (арнайы әскери операция) туралы айтқан сөздері себеп болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

34 жастағы Нұрлан өзіне қатысты бұл шектеу туралы Біріккен Араб Әмірліктерінен Ресейге ұшып келгенде бір-ақ білген көрінеді. Сабыровты «Внуково» әуежайында бірден ұстаған. Құқық қорғау органдары артисті алып кетті. Өткен жылдың мамыр айында комик миграциялық заңнаманы бұзғаны үшін «Шереметьево» әуежайында ұсталған болатын — ол кезде 5,5 мың рубль айыппұлмен құтылған еді.

Әзірге Нұрлан Сабыров болған жағдайға қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ, алайда оның жанкүйерлері таңданысын жасырмай жатыр. Белгілі болғандай, әзілкештің Ресейде 160 миллион рубльге бағаланған мүлкі қалған, енді оның тағдыры не болатыны белгісіз.

«Комик 2022 жылдың ақпанында элиталық қала сыртындағы кенттен екі қабатты үй сатып алған. Сонымен қатар, «Новорижский» тұрғын үй кешенінде 1285 шаршы метрлік учаскесі бар. Онда стендапшы және «ЧБД» жүргізушісі әйелімен және үш баласымен бірге тұрған. Бұл мүліктің бәрі шамамен 130 миллион рубльге бағаланады. Бұдан бөлек, Сабыровтың меншігінде құны 20 миллион рубль болатын, «SBR» нөмірлі 2018 жылғы «Гелендваген» және шамамен 11 миллион рубль тұратын 2021 жылғы Cadillac Escalade көліктері бар», — деп жазды пабликтер.
 

Тэгтер:

ресей тыйым комик Нұрлан Сабыров