Shell Plc компаниясы Қазақстанға инвестиция салуды уақытша тоқтатады. Shell бас директоры Ваэль Саван Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында, ОПЕК+ мүшесі болып табылатын елдің ірі мұнай компанияларына қойып отырған миллиардтаған долларлық заңдық талаптары нақтыланғанша, шектеулер күшінде болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Басылымның нақтылауынша, Қазақстан бірқатар батыстық мұнай компанияларынан өтемақы талап етіп отыр. Даулы мәселелер Орталық Азия республикасының өз соттарында да, халықаралық арбитражда да қаралуда. Ақпан айында Shell мен оның серіктестері даулардың бірінде жеңіліп қалғаны белгілі болды, нәтижесінде оларға 4 миллиард долларға дейін төлем жасау талабы қойылуы мүмкін. Сонымен қатар, күкірт нормаларының бұзылуына және жобалық шығындардың асып кетуіне байланысты сот процестері жалғасуда.
«Бұл біздің Қазақстандағы алдағы инвестицияларға деген қызығушылығымызға (аппетитімізге) сөзсіз әсер етеді», — деді Саван бейсенбі күні компанияның қаржылық нәтижелеріне арналған сарапшылармен конференц-байланыс кезінде.
Оның айтуынша, Shell болашақта айтарлықтай инвестициялық мүмкіндіктерді көріп отырғанымен, «бұл жағдайдың қалай аяқталатыны туралы нақты түсінік пайда болғанша үзіліс жасайды». Саван мырза Қазақстандағы мәселелер компания теңгерімді жобалар портфелі есебінен болашақта өндіріс көлемін арттыруға тырысып жатқан сәтте туындағанын атап өтті. Бұл ретте ол қаржыландыруды тоқтату жаңа жобаларға ма, әлде қазіргі жұмыс істеп тұрғандарына қатысты ма, ол жағын нақтыламады.
Қазақстанның Энергетика министрлігі Bloomberg агенттігінің жұмыс уақытынан тыс жолданған электрондық сауалына әзірге жауап берген жоқ.
Басылымның мәліметінше, дау Қарашығанақ кен орнын игеру бойынша бірлескен кәсіпорынға қатысты. Оның операторлары — италиялық Eni SpA және Shell компаниялары, ал мәселе шығындарды есепке алуға байланысты туындаған. Жобаның басқа серіктестері қатарында Chevron Corp., Лукойл ЖАҚ және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бар. Бірлескен кәсіпорын қабылданған шешімге әлі де апелляция бере алады. Өткен жылы компаниялар Қазақстанның ішкі нарығы үшін Қарашығанақ кен орнының табиғи газын өңдейтін зауыт салу арқылы дауды реттеуді ұсынған болатын.