Шыдамның да шегі бар: Shell-дің көздегені не?

Бүгін, 19:49 / Камила Дүйсен
коллаж Arasha.kz

Shell компаниясының «инвестицияны тоқтатамыз» деген мәлімдемесі қоғамда түрлі сұрақ туғызды. Алайда энергетика саласы бойынша тәуелсіз сарапшы Олжас Байділдинов бұл сөздерге байыппен қарауға шақырады. Оның айтуынша, компанияның ұстанымы нақты әрекеттен гөрі ақпараттық ойынға көбірек ұқсайды.

Сарапшының пікірінше, алдағы бес жылда Shell Қашаған мен Қарашығанақ жобалары арқылы Қазақстаннан 10 миллиард доллардан астам табыс алады. Яғни компания елден кетіп жатыр немесе өз үлесін сатпақ деген сөз жоқ. Тек «инвестицияны уақытша тоқтатамыз» деген мәлімдеме жасалды. Бұл – қысым көрсетуге бағытталған риторика ғана.

Инвестиция тоқтай ма?

Олжас Байділдиновтің айтуынша, Shell инвестицияны бүгін ғана емес, бұрыннан тежеп келеді. Қарашығанақ пен Қашаған жобалары аясында үш газ өңдеу зауыты салынуы тиіс еді. Бірақ бұл жобалар әлі күнге дейін іске аспаған.

Әсіресе Қашаған мәселесі өзекті. Бастапқы жоспар бойынша кен орнын игерудің екінші кезеңі әлдеқашан басталуы керек болатын. Бұл кезең өндірісті ұлғайтып, жаңа инфрақұрылым салуды көздейтін. Бірақ нақты қадамдар жоқ.

Қазақстан неге қарсы шығып отыр?

Сарапшы Қазақстанның шетелдік сотта Қарашығанақ жобасы бойынша шығындардың жасанды түрде ұлғайтылғанын дәлелдей алғанын ерекше атап өтті. Бұл — инвесторлардың өз міндеттемелерін адал орындамағанының айғағы.

Оның сөзінше, серіктестік деген — тек табысты бөлісу емес, жауапкершілікті де бірге көтеру. Ал қазіргі жағдайда ірі мұнай-газ компаниялары пайдасын алып отыр да, инвестициялық міндеттемелерін кейінге ысырып келеді.

Мәлімдеменің шынайы әсері бар ма?

Олжас Байділдинов Shell-дің инвестицияны тоқтату туралы сөзі Қазақстан экономикасына нақты соққы болмайды деп есептейді. Себебі компания онсыз да негізгі жобаларға белсенді қаржы құйып отырған жоқ.

Сондықтан сарапшы бұл мәлімдемені келіссөздердегі қысым құралы ретінде бағалайды. Яғни мәселе экономикада емес, тараптар арасындағы шарттар мен талаптарда жатыр. Демек, Shell-дің мәлімдемесі сырттай қатты көрінгенімен, оның артында ел экономикасына тікелей қауіп төндіретін нақты қадам жоқ. 

Тэгтер:

мұнай Қарашығанақ Shell Олжас Байділдинов Қашаған