Ұлттық спорт өкілдері жаңа Конституцияны қолдап, реформа бойынша басқосу өткізді

Бүгін, 20:59 / Arasha.kz

6 ақпан күні Астана қаласында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған спорт қауымдастығы өкілдерінің басқосуы өтті.

Іс-шараға ұлттық спорт федерацияларының басшылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті өкілдері қатысты.

Жиынның басты мақсаты – жаңа Конституция жобасын және елде жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформаны қолдауда спорт қауымдастығының ортақ әрі бірізді ұстанымын білдіру болды.

Кездесу барысында спорт саласының өкілдері жаңа Конституция спортшылар арасында әділеттілік, ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтатын маңызды құжат болатынын атап өтті. Қатысушылар Ата заңды жаңарту елдегі адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын қамтамасыз етуге, демократиялық институттарды күшейтуге бағытталғанын жеткізді.

Сонымен қатар «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттары аясында жүргізіліп жатқан конституциялық өзгерістердің елдің тұрақты дамуына ықпал ететіні айтылды. Спорт федерацияларының жетекшілері уақыт ағымына сай спорт ережелері де, мемлекеттік басқару тетіктері де жаңарып отыратынын, осы тұрғыда Конституцияны жетілдіру – заман талабы екенін алға тартты.

Бас қосу барысында ҚР спорт қауымдастығының Конституциялық реформаны қолдауға арналған арнайы Үндеуі оқылып, оған қатысушылар бірауыздан қол қойды. Үндеуде ұлт денсаулығын нығайту, адами капиталды дамыту және бұқаралық әрі ұлттық спортты қолдау мәселелеріне ерекше мән берілді.

Жиын қорытындысында спорт саласының өкілдері жаңа Конституция жобасында көзделген адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті күшейту және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды толық қолдайтындарын мәлімдеді. Сондай-ақ елдің әділетті әрі тұрақты дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді.