Әлеуметтік желіде неке қию рәсімі кезінде күтпеген жағдай орын алған сәттің видеосы тарады. Кадрларда күйеу жігіттің тойды тоқтатып, үн-түнсіз шығып кеткені көрінеді. Бұған қалыңдықтың мәһрге қымбат көлік талап етуі себеп болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Instagram желісіндегі Qazaq Today парақшасы жариялаған бейнежазбада имам жас жұбайларға мәһрдің мәні мен оның ең төменгі мөлшерін түсіндіріп жатқанын байқауға болады. Оның айтуынша, шариғатта мәһрдің ең азы 4,25 грамм алтынға тең, бұл шамамен 150 мың теңге.
Осы кезде қалыңдық сөзге араласып, өзінің талабын ашық айтады.
"Маған мәһрге Changan көлігі керек", – дейді ол.
Қалыңдықтың бұл талабын естіген күйеу жігіт ешқандай түсініктеме берместен орнынан тұрып, бөлмеден шығып кетеді. Оның бұл әрекеті жиналған жұртты да, қалыңдықтың өзін де таңғалдырған.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір қолданушылар қалыңдықтың талабын "шамадан тыс" деп сынаса, енді біреулер күйеу жігіттің әрекетін "жауапкершіліктен жалтару" әрі "ер адамға тән емес қадам" деп бағалады.