Қазақстандық арнайы жасақ UAE SWAT Challenge турнирінде көш бастап келеді

Бүгін, 20:54 / Arasha.kz

БАӘ-нің Дубай қаласында өтіп жатқан әлемдік деңгейдегі UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің үшінші күні Қазақстан үшін тарихи жетістікке толы болды. 48 елден келген 109 элиталық арнайы жасақ командасы бақ сынап жатқан байрақты бәсекеде қазақстандық бөлімшелер тағы бір мәрте өздерінің жоғары кәсіби деңгейін дәлелдеді.

Үшінші кезең – «Офицерді құтқару» тапсырмасының нәтижесі бойынша барлық жүлделі орын толықтай Қазақстан командаларына бұйырды. Турнир кестесінде командалар алфавит бойынша орналасқанымен, нәтижелер ел мерейін асқақтатты.

Атап айтқанда, “Kazakhstan A” командасы тапсырманы рекордтық көрсеткішпен — небәрі 2 минутта орындап, кезеңнің жеңімпазы атанды. Бұл нәтиже турнир тарихындағы ең үздік уақыттардың бірі ретінде тіркелді. Екінші орынды “Kazakhstan B” иеленсе, үшінші сатыға “Kazakhstan C” командасы көтерілді.

Сонымен қатар тағы екі отандық команда үздік жиырмалықтың қатарына енді. “Kazakhstan D” командасы 19-орында тұрса, “Tomiris” қыздар командасы әйелдер арасындағы үздік нәтижесін тағы бір мәрте қайталап қана қоймай, көптеген ерлер құрамасынан да озып шықты. Бұл — қазақстандық әйелдер арнайы жасақ бөлімшесінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге толықтай дайын екенін көрсететін айқын дәлел.

Үш кезеңнің жалпы қорытындысы бойынша “Kazakhstan C” командасы көшбасшылықты берік ұстап тұр. Ал оған жақын нәтижемен “Kazakhstan A” командасы екінші орында келеді. Бұл көрсеткіштер Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері турнирдің жалпы жеңісіне басты үміткерлердің бірі екенін айқын аңғартады.

Айта кетейік, UAE SWAT Challenge — әлемдегі ең беделді әрі күрделі арнайы жасақ турнирлерінің бірі. Мұнда тек физикалық дайындық емес, тактикалық ойлау, командалық үйлесім, жылдам шешім қабылдау мен кәсіби шеберлік сыналады.

Алда турнирдің тағы екі шешуші кезеңі бар. Қазақстандық жанкүйерлер ел намысын қорғап жүрген батырларымызға зор сенім артып, әлемдік аренадан жеңіспен оралуын тілеп отыр.