Астана соты қала тұрғынын сталкинг (соңына түсу) үшін кінәлі деп танып, 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа жекті, сондай-ақ моральдық зиян өтемақысын өндірді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Қала тұрғыны жәбірленушінің онымен қарым-қатынас жасағысы келмейтінін біле тұра, жарты жыл бойы оның соңынан жүйелі түрде қалмай қойған. Сот үкімімен ол сталкинг жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа сотталды және одан моральдық зиян өндірілді», — делінген хабарламада.
Сот материалдарына сәйкес, байланысты тоқтату туралы талаптарға, мессенджерлердегі бұғаттауларға және қолданыстағы қорғау нұсқамасына қарамастан, ер адам әйелге психологиялық қысым көрсетуді жалғастырған. Ол әйелді үйінің жанында және жұмысында аңдып, келісімінсіз бейнежазбаға түсіріп отырған.
Оның бұған дейін бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүргенін және оның шарттарын бұзғанын ескере отырып, жазаның өтелмеген бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.