"Кінәсін ашық мойындасын": Атыраудағы трагедияға күдіктінің анасы ұлына сөз арнады (ВИДЕО)

Бүгін, 10:25 / Arasha.kz
smartnews.kz коллажы

Атырау облысында зейнеткер ерлі-зайыптыларды өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің анасы ұлын өз еркімен құқық қорғау органдарына берілуге шақырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Ұлымның елге оралғанын қалаймын. Егер кінәсі болса, жасағанын ашық мойындасын. "Қолмен істедім" деп шындықты айтсын. Өтінемін…" – дейді күдіктінің анасы.

Сондай-ақ журналист өзінің бұрынғы жұмыс орнына қайта келгенін хабарлап, алғашқы бағдарламасын Атырауда болған қайғылы оқиғаға арнайтынын жеткізді.

Айта кетейік, 29 жастағы күдікті мен оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева әлі табылған жоқ. Бұдан бөлек, із-түссіз жоғалған Мейрамгүл Қарабалина мен оның інісі Наурыз Мұқанғалиев те іздестірілуде. Полиция іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал күдіктінің бес баласы мемлекет қамқорлығына алынған.

Еске салайық, жыл басында Жангелдин ауылында бір отбасының түгел жоғалып кетуі қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. 6 қаңтар күні құқық қорғау органдары ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйітін өз үйінің ауласындағы сарайдан тапты. Сараптама барысында марқұмдардың денесінен пышақ жарақаттары анықталған. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті мәйіттерді көміп, үстін жиһазбен жасырып қойған.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы