Алматыда қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады

Бүгін, 12:21 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Алматыда 2026 жылы 30 желтоқсаннан бастап қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым енгізіледі. Бұл туралы қалалық Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері мәслихаттың 2025 жылы 30 желтоқсандағы шешімімен бекітілген Алматы қаласының атмосфералық ауаны қорғау қағидаларына сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Аталған талаптар қаланың газдандырылған аумақтарына қатысты Қағидалардың 52-тармағында көзделген. Құжатқа сәйкес, газға қосылу мүмкіндігі бар жеке тұрғын үйлерде, моншаларда және көппәтерлі үйлерді жылытатын жекелеген қазандықтарда қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады.

Төтенше жағдай кезінде жылу және энергиямен жабдықтаудың резервтік көздерін пайдалануға рұқсат етіледі.

Бұл талаптар жылыту қазандықтарын пайдаланатын шаруашылық субъектілеріне де қолданылады. Шығарындылар көздері ластаушы заттарды тазарту қондырғыларымен міндетті түрде жабдықталуы тиіс. Сонымен қатар, арнайы техника, бензин және дизель генераторлары да экологиялық талаптарға сәйкес болуы қажет.

Осылайша, шектеу тек моншаға ғана емес, газдандырылған аумақтарда орналасқан жеке тұрғын үйлерге де қатысты.

Айта кетейік, қазіргі таңда Алматыдағы жеке сектордың газдандыру деңгейі шамамен 99,6%. Бұл үй иелерінің басым бөлігінде табиғи газға қосылуға техникалық мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
 

Тэгтер:

алматы тыйым экология газ қатты отын