"Менің әріптестерім шай ішіп отыр деп ойламаймын": "Самұрық-Қазына" директоры Тоқаевтың сынына жауап берді (ВИДЕО)

Бүгін, 13:20 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

"Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры Бақытжан Таубаев президенттің сынына жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Самұрық-Қазына" акционерлік қоғамының жұмысына қатысты сын-пікірін айтқан еді. 

"Самұрық-Қазына" қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей "Сол жағалаудың" адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды", – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал бүгін "Самұрық-Қазынаның" Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы директоры Бақытжан Таубаев "бір азаматтай елге қызмет етіп жүргенін" алға тартты.

"Бұрыннан өндірісте істедік. Сол жағалауға жұмысқа енді келіп жатырмыз. Сондықтан мен өз басым бір азаматтай елге қызмет етіп жатырмыз деп ойлаймын. Менің әріптестерім шәй ішіп отыр деп ойламаймын. Таза менің әріптестерім... Президенттен сын болса, онда мәселе бар деген сөз", – деді Бақытжан Таубаев.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев Самұрық-Қазына Бақытжан Таубаев