Қазақстан биыл тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Елде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум өтіп жатыр. Ұсынылып отырған түзетулер тек құқықтық нормаларды жаңарту емес, мемлекеттің стратегиялық даму бағытын айқындайтын ауқымды қадам ретінде бағалануда. Бұл өзгерістер орнықты дамудың іргесін қалап, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Конституция – құндылықтар құжаты
Астанада өткен «Жаңа адамдар» қозғалысының жалпы жиынында референдум басты тақырыпқа айналды. Еліміздің барлық өңірінен жиналған жүздеген белсенді азаматтық бастамалардың нәтижелерін саралап, алдағы жоспарларын талқылады. Кездесуде Әділетті Қазақстандағы азаматтың рөлі мен Конституцияның тек заңнамалық акт емес, сонымен қатар елдің құндылықтық бағдары екенін айқындайтын негізгі құжат екені ерекше атап өтілді.
Қозғалыс көшбасшысы Асель Баденова 3-бапқа енгізілетін толықтыруларға назар аударды. Оның айтуынша, онда жасампаз патриотизм, еңбек, білім, адам мен отбасының дамуы секілді негізгі қағидаттар бекітіледі.
«Бұл нормалар елдің белсенді әрі жауапты азаматтарға басымдық беретінін көрсетеді. Біз осы құндылықтарды бірнеше жылдан бері ілгерілетіп келеміз. Сондықтан Конституциялық өзгерістерді толық қолдаймыз», – деді ол.
Азаматтық белсенділік – заңнамалық деңгейде
Жаңа адамдар қозғалысы соңғы жылдары азаматтық және жасампаз белсенділікті дамытуға жүйелі түрде үлес қосып келеді. Белсенділер бұрын кеңінен талқыланбаған әлеуметтік мәселелерді қоғамдық күн тәртібіне шығарып, нақты шешімдерге қол жеткізді.
Қозғалыстың қатысуымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталкинг және алып қашу әрекеттері үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер қабылданды. Бұл бастамалар әйелдер құқықтарын қорғау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр. Сонымен қатар қоғамдық көмекшілер институтын дамытуға қатысты заң қабылдау бастамасы да жүзеге асырылуда. Соңғы үш жыл ішінде тәжірибеде сыналған жобалар енді заң жүзінде бекітіліп жатыр.
Осылайша, бастамашылдық пен жауапкершілік мемлекеттік құқықтық алаңның ажырамас бөлігіне айналуда.
Жасампаз патриотизм – жаңа кезеңнің негізі
Конституция деңгейінде жасампаз патриотизм, еңбек, білім және адам дамуы құндылықтарын бекіту – елдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған шешім. Бұл қадам азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара ықпалдастығын күшейтіп, Заң мен Тәртіп қағидаттарын нақты тәжірибеге айналдыруға жол ашады.
«Жаңа адамдар» қозғалысы реформаларды қолдайтынын және бекітілген қағидаттардың күнделікті өмірде нақты іске асуы үшін жұмысын жалғастыратынын мәлімдеді. Қозғалыс өкілдерінің пікірінше, бұл өзгерістер Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды белес болмақ.