«Рухани жаңғыру» – Ұлытаудан басталады.
«Рухани жаңғыру» – Ұлытаудан басталады

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына көрсетілген алты арнайы жобаның ішіндегі «Туған жер» және «Киелі Қазақстан» жобалары елдік санаға тың серпін берді. Мәселен, «Туған жер» жобасы шеңберінде көптеген кәсіпкерлер туған ауылдарын көркейтуге көп күш салып жатыр. Оның жарқын бір мысалы ретінде белгілі кәсіпкер Бауыржан Оспановтың туған жеріне жасаған жақсылығын айтуға болады. Бүгін де ел аузында аңыз іспетті айтылып жүрген дүниелердің бәрін де кәсіпкер өз қаржысына жасап, ауылға спорт мектебін және тағы басқа нысандар салып берді. Аталған жоба аясында атқарылып жатқан істер тек Алматы облысында ғана емес, өзге аймақтарда да ауқымды. Мысалы, Ақтөбе облысында 2,7 млрд теңгеге 648 жоба жүзеге асырылатыны айтылған еді. Қазір де сол істердің жартысына жуығы іске асты. Облыста жоба аясында ауыл-аудандардың мәдениет үйлері жөнделіп, саябақтар салынды. Сөйтіп, аймақтағы ауылдардың да жаңа тынысы ашылды. Ал Ұлытаудай қазақтың қасиетті жері орналасқан Қарағанды облысы да «Туған жер» жобасынан шет қалмай, 76 әлеуметтік нысан салынып, көптеген ғимараттар жөндеуден өткен. Ал «Киелі Қазақстан» жобасы бойынша аймақта атқарылып жатқан жұмыстар едәуір ауқымды көрінеді. Олай болатын жөні де бар. Өйткені Ұлытау – қазақтың киелі қонысы. Ұлытаудың бауырында Алаша хан, Жошы хан кесенелері мен «Хан ордасы», «Алтын шоқы» қатарлы киелі орындар бар. Жыл сайын осынау тарихи орындарды көруге ел аумағынан азаматтар ағылып барып жатады. Ал қасиетті Ұлытуға барар жолдың қиындығы бұрыннан белгілі.  Ол аймақ басшысы Ерлан Қошановқа да мәлім. «Ұлытаудың басты мәселесі – Ұлытаудағы жолдың қашықтығы және сол баратын жолдың қиындығы». Астанада өткен баспасөз мәслихатында осылай деген аймақ басшысы жолдардың жөнделіп жатқанын айтты.

– Сондықтан біз әуелі автожолдарды жөндеуден бастадық. Осы мақсатпен 5 млрд теңгеге жуық қаржыға былтыр басталған Қарағанды-Жезқазған автожолын біз биыл толық аяқтаймыз. Егер былтырлары бұл жолмен жүріп өтудің уақыты 7-8 сағатты құраса, қазір 4-5 сағатта жүріп өтуге болады. Сол сияқты біз биыл Алаша хан, Жошы хан кесенелері мен «Хан ордасы», «Алтын шоқы» сияқты тарихи орындарына апаратын жалпы ұзындығы 100 шақырым жолдарды жөндеу жұмысы басталды. Оған бөлінген қаржының көлемі 2,7 млрд теңге – деді Ерлан Қошанов.

Осылай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында Ұлытаудың қасиетті де киелі жерлеріне бару жеңілдейді. Бұл өз кезегінде ішкі туризмді де дамытуға сеп. Ұлытау өңірінің жол және басқа әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне аймақтан шыққан кәсіпкерлер де «Туған жер» жобасы аясында атсалысары сөзсіз. Соның айғағындай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта жүзеге асырылған құны 13 миллиард теңгенің 456 жобасына аймақтағы кәсіпкерлер қатысып, 5 миллиард теңге қаржы салған. Сөйтіп, «Рухани жаңғыру» Ұлытау жерінде де қарқынды жүріп жатыр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.