Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Кабар" арнасына берген сұхбатында Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің не себепті қызметінен алынғанын ашық айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Президенттің сөзінше, 2021 жылы халық оған ел тағдырын сеніп тапсырған сәттен бастап Конституцияда жүктелген басты міндет – мемлекеттің тұтастығын, қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы бірлікті сақтау екенін жақсы түсінген.
Жапаровтың айтуынша, мәселе Жогорку Кенештен басталған. Кейбір депутаттық топтар өзара бөлініп, әріптестерінен "қай тарапты қолдайсың?" деп сұрай бастаған. Тіпті кейбіреулер "мынау – генералдың жағы, ал анау – президенттің жағы" деп түсіндірулер жүргізген.
Президенттің сөзінше, мұндай әрекеттер кейін қоғамға да әсер ете бастаған. Көшедегі ақсақалдар арасында мерзімінен бұрын сайлау өткізу үшін қол жинау басталып, бұл бастама "жоғарыда келісілген" деген қауесет тараған.
"Егер уақытылы батыл шешім қабылдамағанымда, қоғам екіге бөлініп кетуі мүмкін еді", – деді Жапаров.
Ол кейбір депутаттар мен шенеуніктердің "генералмен ісің болады" деп қысым көрсеткені туралы деректер болғанын да мәлімдеді. Президенттің айтуынша, дәл осы жағдай тұрақтылыққа қауіп төндірген.
Жапаров шешім қабылдамас бұрын Тәшиевке өзі хабарласып, жағдайды түсіндіргенін айтты. Тек содан кейін ғана жарлыққа қол қойған.
"Мемлекет пен халықтың мүддесі – қызметтен де, достықтан да жоғары. Мемлекеттегі тұрақтылық мен үшін бәрінен биік", – деп түйіндеді Қырғызстан президенті.