Полиция "атыраулық хакер" ісі бойынша жаңа мәліметтерді жариялады

Бүгін, 18:48 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Атырау облыстық полиция департаменті өзін "хакер" деп таныстырып, өңірде жоғалған отбасы ісіне қатысты өз нұсқасын таратқан азаматқа байланысты қылмыстық іс туралы тың ақпарат берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Іс бойынша не белгілі?

Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың сәуір айында алаяқтық дерегі бойынша төрт арыз тіркелген. Осы фактілер негізінде төрт эпизодтан тұратын қылмыстық іс қозғалған.

Құқық қорғау органдары бұл істің Жангелдин ауылында жоғалған отбасы оқиғасына еш қатысы жоқ екенін атап өтті. Қазіргі уақытта күдікті халықаралық іздеуге жарияланған, тергеу жалғасуда.

Сондай-ақ полиция "хакер" 2025 жылдың сәуірінде-ақ Қазақстаннан кеткенін, яғни әлеуметтік желіде өз "зерттеуін" жарияламас бұрын елден шығып кеткенін хабарлады.

Түркияда ұсталды деген ақпарат

Дереккөздің жазуынша, редакцияға белгісіз оқырман Стамбулда (Түркия) 2026 жылдың қаңтар айының соңында аталған тұлға ұсталды деген болжамды ақпарат жолдаған.

Instagram желісіндегі парақшасына жүргізілген шолуға сәйкес, аккаунт соңғы апталарда жаңартылмаған, қаңтар айының соңынан бері жаңа жазба жарияланбаған. Кейбір қолданушыларды осы үнсіздік күмәндандырған.

Алайда полиция ресми жауабында күдіктінің әлі табылмағанын мәлімдеді.

"Аталған тұлға алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында халықаралық іздеуде. Қазіргі уақытта оның орналасқан жерін анықтау және ұстау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде", – делінген ведомство жауабында.

"Атыраулық хакер" кім?

2025 жылдың желтоқсанында Атырау облысында бүтін бір отбасының жоғалып кеткені туралы ақпарат тарағаннан кейін әлеуметтік желіде өзін "Атыраудың хакері" деп таныстырған азамат пайда болды. Ол бұл іске қатысты жеке "тергеу" жүргізгенін мәлімдеді.

Instagram-да жарияланған видеолар кең таралып, көп қаралым жинаған.

Оның айтуынша, негізгі күдікті – қаза тапқан отбасының күйеу баласы болуы мүмкін. "Хакер" отбасы басшысының телефоны қараша айының ортасынан бастап сирек қосылғанын, ал күдікті сол кезеңде Түркияға барғанын алға тартқан.

Сондай-ақ ол банк карталарының қозғалысы, SIM-карталардың Шымкентте тіркелуі және күдіктілердің Өзбекстан арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, тіпті Индонезияға барған болуы мүмкін деген жорамалдарын жариялаған.

Қазіргі уақытта бұл мәлімдемелердің ешқайсысы ресми түрде расталмаған. Тергеу амалдары жалғасуда.

Тэгтер:

Атырау облысы хакер