Жаңа конституция президентке қайта сайлануға жол ашуы мүмкін - сарапшы

Бүгін, 20:43 / Arasha.kz
https://datnews.info/

Соңғы конституциялық өзгерістер мен саяси реформалар қоғамда қызу талқыланып жатқыр. Дегенмен шынайы процестердің өзі халықтан оқшау жүріп жатқандай әсер қалдырады. Саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев  осы жөнінде және билік пен қоғам арасындағы байланыс, саяси реформалардың жүргізілу тәсілі мен жаңа Конституцияның елдің саяси жүйесіне ықпалы туралы пікір білдірді.

– Билік пен қоғамның арасында бүгін нақты байланыс бар деп айту қиын. Сол себепті «билік халық алдында беделін жоғалтты ма, жоқ па» деген сұрақтың өзі күмәнді. Өйткені билік халықтың пікіріне құлақ асып отырған жоқ. Мысалы, бәрімізді бір күнде басқа уақыт белдеуіне көшіріп жібергенде, жұрттың ойы сұралды ма? Жоқ. Салықты көтеру мәселесінде де халықпен ақылдасқан ешкім болмады. Шешім жоғарыда қабылданып, сол күйі іске асты. Осылайша билік пен халықтың арасында көзге көрінбейтін қашықтық пайда болды, – дейді саясаттанушы.

«Халықтың саясатқа арласатын уақыты да, шамасы да жоқ»

Қазыбек Бейсебаев бұл жағдайға тек билікті ғана кінәлау дұрыс емес екенін айтады. Оның пікірінше, қоғамның өзі де саяси процестерге қатысудан алыстап кеткен.

Әрине, бұған тек билікті ғана кінәлау дұрыс емес. Қазақта «аңқау елге – арамза молда» деген сөз бар. Біз де көбіне тым жуас болып, қарсы пікір айтпай, биліктің кез келген шешіміне үнсіз көне саламыз. Бұрын «Дат» деген ұғым болған – яғни «мен қарсымын» деп ашық айту. Қазір сол да жоғалып барады. Оның үстіне, халықтың күнделікті мәселесі шаш-етектен. Тұрмыстың тауқыметі қысып тұрған кезде, елдің саясатқа араласуға шамасы да, уақыты да жоқ, – дейді ол.

Саясаттанушы мұндай жағдайдың тамыры тереңде жатқанын алға тартады. Оның айтуынша, бұрынғы саяси ұстанымдар бүгінгі тығырыққа әкеліп тіреген.

Біз неге осындай жағдайға жеттік? Себебі кезінде Тұңғыш Президент халыққа «саясатқа араласпаңдар, алдымен экономикамен айналысамыз» деген ұстанымды ұсынды. Бірақ бүгінгі жағдайға қарасақ, бізде не экономика жоқ, не саясат жоқ. Бұған биліктің де, қоғамның да үлесі бар, – дейді Қазыбек Бейсебаев.

«Әу баста айтылған парламенттік реформа «Конституциялық реформаға» ұласты»

Ол 2017 жылғы конституциялық өзгерістерді де еске салады. Айтуынша, сол кезде де реформа «жаңа кезең» ретінде ұсынылғанымен, түбегейлі өзгеріс болмаған.

– Еске салсақ, 2017 жылы Конституцияға өзгеріс енгізілген кезде де бұл «алға қадам», «жаңа кезең» деп түсіндірілген еді. Ол уақыт кеше ғана сияқты. Сол кезде де Елбасының негізгі қағидалары өзгермейді деп айтылды. Қазір де жағдай ұқсас. Бастапқыда «парламенттік реформа» деп басталған әңгіме енді тұтас конституциялық реформаға айналды. Барлығы асығыс жүріп жатыр, ал қоғам бұл процеске нақты қатысқан жоқ, – дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, Конституцияның жиі өзгеруі – қауіпті үрдіс.

– Негізінде, Конституция – Ата заң. Біз соған қарап өмір сүреміз, соған сүйеніп құқықтарымызды қорғаймыз. Ал бізде ол тым жиі өзгеріп жатыр. Не үшін, не мақсатта деген сұрақтарға жауап беретін адам жоқ. Енді міне, коалиция құру мәселесі де күн тәртібіне шықты, – дейді ол.

«Солтүстік көршінің сценариі бізде де қайталануы мүмкін»

Жаңа Конституция қабылданса, саяси жүйеде түбегейлі өзгеріс болуы керек деген пікірді де Қазыбек Бейсебаев жоққа шығармайды.

– Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін, негізі, елде саяси тұрғыда жаңа дәуір басталуы керек. Егер шынымен жаңа саяси кезең ашылса, оған дейін қабылданған заңдар мен ережелер өз күшін жояды. Мұндай жағдайда Үкімет те қайта құрылып, одан кейін жаңа сайлау өтуі тиіс. Біздің солтүстік көршімізде де осындай тәжірибе болған. Ол елде де президент екі мерзімге сайлана алады. Путин Медведевтен кейін қайтадан Президент болып, одан соң тағы да сайлауға түсті. Конституция өзгергеннен кейін бұрынғы шектеулердің бәрі күшін жойып, осының негізінде қайта сайлауға қатысуға мүмкіндік алды, – дейді ол.

Осыған ұқсас сценарий Қазақстанда да қайталануы мүмкін деген ой айтады.

– Бізде де сондай сценарий болуы мүмкін. Яғни, бәрі «жаңадан басталды» деген уәжбен қазіргі президенттік мерзім есепке алынбай, қайта сайлауға түсуге жол ашылуы ғажап емес. Әрине, дәл солай болады деп кесіп айту қиын. Бірақ жаңа Конституция қазіргі билікке дәл осындай мүмкіндік беріп отырғаны анық, – дейді саясаттанушы.

«Сенат жойылса, аймақтардың мүддесін кім қорғайды?»

Қазыбек Бейсебаев ұсынылып отырған жаңа саяси құрылымға да күмәнмен қарайды.

– Құрылтай бір палаталы, 145 мүшеден тұрады делініп отыр. Бірақ мұндай жүйеде бір мандатты депутаттар болмайды. Ал “Халық кеңесі” дегеннің өзі қандай орган екені де түсініксіз. Ол не үшін керек, қандай өкілеттігі бар – ашық айтылған жоқ. Егер шынымен қажет болса, онда неге Сенатты алып тастады деген сұрақ туады», – дейді ол.

Саясаттанушы аймақтардың өкілдігі мәселесіне ерекше тоқталады.

– Еліміздің атауы – Қазақстан. Бұл атаудың өзі көп нәрсені білдіреді: Қазақстан – қазақтардың мемлекеті. Қазақ халқының өзіндік саяси болмысы бар, қалыптасқан дәстүрі, ішкі тәртібі, тарихи тәжірибесі бар. Қазақ қоғамы ежелден рулар мен жүздерге бөлініп келген: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз, – деп атап өтеді ол.

Сарапшының сөзінше, сол рулар Қазақстанның әр өңірінде тарихи түрде орныққан.

– Павлодарда уақ пен арғын, Семейде арғын, тобықты, найман, Шығыс Қазақстан мен Жетісуда наймандар, Алматы облысында албан, шапырашты, ысты, Жамбылда дулат пен қаңлы, Шымкентте дулат, қоңырат, сіргелі, Қызылордада Кіші жүз рулары, Маңғыстауда адай, Атырауда беріш, Ұлытау мен Қарағандыда арғындар басым. Бұл – жай ғана этнографиялық дерек емес, аймақтың өзіндік ерекшелігін көрсететін фактор, – дейді саясаттанушы.

Аймақтық ерекшеліктердің ескерілмеуі саяси теңгерімге әсер етеді дейді саясаттанушы.

– Сенатта әр облыстан екі өкіл болған. Олар тек әкімшілік аймақтың емес, сол өңірдегі халықтың да өкілі еді. Белгілі бір деңгейде бұл қазақ қоғамының ішкі теңгерімін сақтауға мүмкіндік берді. Енді Сенат жойылса, аймақтардың мүддесін кім қорғайды? Егер депутаттар тек партиялық тізіммен сайланса, онда олар өңірдің емес, партияның өкіліне айналмай ма? – дейді Қазыбек Бейсебаев.

Оның айтуынша, этностардың саяси өкілдігі де әлсіреп отыр.

– Одан бөлек, Қазақстанда қазақтармен қатар өзге де этностар тұрады. Бұрын олардың да Сенат арқылы белгілі бір деңгейде өкілдігі болды. Яғни, мемлекет биліктің бір тармағында барлық этностардың қатысуына мүмкіндік берген еді. Қазір бұл тетік те жойылып отыр, – дейді ол.

«Тіл мәселесін көтеру саяси ойын сияқты»

Саясаттанушы тіл мәселесінің саясиландырылып отырғанына да назар аударады.

Қазіргі Конституция жобасында қазақ тілі мәселесі ерекше күрделі түйін болып тұрған жоқ. Қазақтардың саны жыл сайын өсіп келеді, қазақ тілі онсыз да мемлекеттік тіл, халық арасында кеңінен қолданылып жүр. Басқа ұлт өкілдерінің де біртіндеп ассимиляцияға ұшырап жатқаны жасырын емес. Сондықтан тіл мәселесін қайта-қайта алға шығару — саяси ойын сияқты әсер қалдырады. Халықтың назарын соған аударып, одан да маңызды өзгерістерді тасада өткізуге тырысып жатқандай көрінеді. Ал ең маңызды мәселе: аймақтардың саяси өкілдігін алып тастау көпшіліктің назарынан тыс қалып отыр, – дейді ол.

Әсіресе, «арнайы құқықтық режим» ұғымы қоғамда әділетсіздік сезімін тудыруы мүмкін деп санайды.

– Бұл бір отбасында "мына баламды жақсы көремін, ал қалғанын онша емес" дегендей әсер қалдырады. Мұндай тәсіл ешқандай әділеттілікке де, логикаға да сыймайды, – дейді саясаттанушы.

Сөз соңында Қазыбек Бейсебаев реформаның уақыты да сәтсіз таңдалғанын айтады.

– Егер халықтың тұрмысы түзеліп, экономикалық жағдайымыз жақсы болып тұрса, бәлкім, бұл реформаларға көз жұма қарауға болар еді. 2012 жылға дейін сондай кезеңдер болды. Ал қазір керісінше – қымбатшылық қысып барады, әлеуметтік ахуал ауыр, жұмыссыз жастар көп. Осындай жағдайда ауқымды саяси реформа жасау – ақылға қонбайды. Негізінде халықты ең қатты ашуландыратын нәрсе – саясат емес, күнделікті өмірдегі қымбатшылық пен тұрмыстың қиындауы, – деп түйіндейді саясаттанушы.

 

Тэгтер:

халық саясат қоғам конституция билік референдум Қазыбек Бейсебаев