"Тергеуді шетелде жүргізген": Атырауда жоғалған отбасы ісіне араласқан хакер туралы тың дерек шықты

Бүгін, 15:44 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы / ЖИ

Атырауда өзін "хакермін" деп таныстырып, жоғалған отбасы ісіне қатысты жеке нұсқасын таратқан азаматқа байланысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Атырау облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған тұлғаға қатысты 2025 жылдың сәуір айында алаяқтық фактілері бойынша төрт арыз тіркелген. Соның негізінде төрт эпизодтан тұратын қылмыстық іс қозғалған. Құқық қорғау органдары бұл істің Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында жоғалған отбасы оқиғасына еш қатысы жоқ екенін нақтылады.

Ведомство дерегіне сүйенсек, күдікті 2025 жылдың сәуір айында-ақ Қазақстаннан кеткен. Яғни әлеуметтік желілерде "өз тергеуін" жариялай бастаған кезде шетелде жүрген. Қазіргі уақытта оған халықаралық іздеу жарияланып, жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.

Еске салсақ, 2025 жылдың күзінде Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалған еді. Кейін олардың үй ауласынан ерлі-зайыптының мәйіттері табылды. Ал екі баланың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.

Бұл іс бойынша кісі өлтірді деген күдікпен 29 жастағы күйеу бала Сұлтан Сәрсемәлиевке іздеу жарияланған. Полиция оның орналасқан жері белгілі екенін және жақын уақытта қолға түсуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Тэгтер:

Атырау облысы хакер жоғалған отбасы