"Ресейден келген орыс үшін қазақ баласы жұмыстан шығарып жіберген" – Burger King-тегі дау

Бүгін, 12:52 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

27 жастағы Burger King қызметкерінің анасы ұлына жұмыс орнында қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әйелдің айтуынша, аутизм диагнозы бар Әлібек төрт жыл бойы компанияда тұрақты жұмыс істеп, ұжымға сіңісіп кеткен. Алайда басшылық ауысқаннан кейін оған деген көзқарас өзгеріп, жұмыстан өз еркімен кетуге итермелеу басталған.

Әлібектің анасының сөзінше, ұлы мектеп бітіріп, колледжде оқып, мүсінші мамандығын алған. Ол пластилиннен анимациялық мультфильмдер жасаумен әуестенген.

"Әртүрлі жерде жұмыс істеп көрді. Ақыры өзіне ұнайтын орта мен кәсіпті тапты – Burger King-те аспаз болды. Төрт жыл бойы тұрақты еңбек етті, жалақысын алып, ұжымның бір мүшесі ретінде өзін еркін сезінді. Қажет кезде қосымша жұмысқа қалып, демалысын алдын ала жоспарлайтын. Бір филиалдан екіншісіне ауысып та жұмыс істеді", – деп жазды анасы әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, бұрын компанияда ұлына қолдау көрсетілген. Алайда Сергей есімді жаңа аймақтық басшы келгеннен кейін жағдай күрт өзгерген.

Анасының мәлімдеуінше, күзден бері Әлібек бұрынғыдай емес, тұйықтала бастаған. Біраз уақыт не болып жатқанын білмеген отбасы кейіннен оған жұмыстан кету үшін қысым жасалып жатқанын естіген.

"Жаңа басшы келген соң бәрі өзгерді. Қысым басталды. Бізге оның жұмыстан кетуге мәжбүрленіп жатқанын жеткізді", – деді ол.

Әйел жаңа аймақтық басшымен жеке кездескенін, алайда одан инклюзивті қоғам немесе аутизм туралы түсінік байқамағанын айтты.

"Әңгіме барысында оның аутизм жайлы да, ерекше қажеттілігі бар адамдардың басқалармен тең жұмыс істей алатыны туралы да түсінігі жоқ екенін аңғардым", – деп шағымданды ол.

Тэгтер:

ресей Burger King