«Сізді Императордың өзі таниды»: Тоқаев Ерсін Балтағұлға ризашылығын білдірді

Бүгін, 13:05 / Қайсар Қалам
Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда сумо спортынан үлкен жетістіктерге жеткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлмен кездесу өткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Президент спортшыны былтырғы Император кубогындағы табысымен құттықтады. Ерсін ол сында сумодағы жоғары дәрежелердің бірі - «маэгашира» атағын иеленіп, «Канто-се» (жауынгерлік рух үшін) арнайы жүлдесіне ие болған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл марапаттың зор табандылық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.

Кездесу барысында Президент Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген жастарға мемлекет тарапынан әрқашан қолдау көрсетілетінін айтты:

– Жапонияға барған сапарымда сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Ерсін Балтағұл Президентке ілтипат көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, еліміздің жас спортшыларымен кездесуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

 
– Қазақстанның азаматы ретінде мақсатымыз еліміздің көк туын 120 миллионнан аса халқы бар Жапонияға таныту болатын. Осы бағыттан таймай, еңбек етіп келеміз. Сондай-ақ Италиядағы Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген отандасымыз Михаил Шайдоровтың айтулы жетістігімен Өзіңізді және барша қазақстандықтарды құттықтаймын, – деді Ерсін Балтағұл.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев балуанға алдағы уақытта да халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ел абыройын асқақтатуға және Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді. 

Тэгтер:

тоқаев сумо Ерсін Балтағұл