Өлді деп жерлеп тастаған әйел бір айдан соң үйіне оралды

Бүгін, 14:34 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Жамбыл облысында 2025 жылы Құрбан айттан кейін 72 жастағы әйелдің жоғалып кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Туыстары полицияға жүгінген. Біраз уақыттан соң даладан мәйіт табылады. Қызы мен немересі марқұмды анасы әрі әжесі ретінде таныған. Содан кейін тиісті құжаттар рәсімделіп, қайтыс болуы туралы куәлік берілген. Алайда, бір айдан соң «марқұм» Қостөбе ауылындағы туыстарының үйіне күтпеген жерден кіріп келген.

Сот мәліметтеріне сүйенсек, ол мерекеден кейін Айша бибі ауылына кетіп, сонда пияз жинауға жұмысқа тұрған және қожайынның үйінде тұрған. Зейнетақысы түспей қалған кезде Таразға келіп, өзінің құжат бойынша «өліп қалғанын» біледі. Қызының айтуынша, анасы бұрын да ешкімге ескертпестен туыстарына ұзақ уақытқа кетіп қала беретін болған.

Бұл оқиғадан кейін эксгумация жасалып, қайтадан сот-медициналық және ДНҚ-сараптамасы тағайындалды. Нәтижесінде табылған мәйіттің мүлдем басқа адамға тиесілі екені анықталды. Қылмыстық іс жабылды.

Сот қайтыс болу туралы жазбаның күшін жойып, куәлікті жарамсыз деп таныды. Енді әйелге ресми түрде құқықтық мәртебесі қайтарылды - ол құжат бойынша да қайтадан «тірі».
 

Тэгтер:

полиция іздеу әйел өлді