Еріктілер жылы: «Жаңа адамдар» қозғалысы жаңа кезеңге қадам басты

Бүгін, 15:51 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Астанадағы «Жаңа адамдар» кампусында Қозғалыстың жалпы жиыны ұйымдастырылды. Басқосудың негізгі тақырыбы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Еріктілер жылы болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Кездесу еліміздің әр өңірінен келген белсенділерді біріктіріп, өткен кезеңді қорытындылау мен алдағы даму бағытын айқындауға арналған алаңға айналды.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, Еріктілер жылы аясында «Жаңа адамдар» қозғалысы қазақстандықтарды еріктілік бастамаларға белсенді қатысуға шақырады. Бүгінде еріктілік тек ресми мәртебе емес, ішкі ұстаным мен саналы азаматтық позиция ретінде қарастырылып отыр.

Белсенділер құқықтық алаңда әрекет етіп, уәкілетті органдармен және қоғаммен сындарлы диалог орнатуға басымдық береді. Осы арқылы еріктілік қағидаттары нақты істер арқылы, жаңа форматта және шынайы нәтижелермен көрініс табатынын көрсетуді мақсат етеді.

Қозғалыс көшбасшысы Асель Баденованың сөзінше, еріктілік – жеке мүдде емес, ортақ жауапкершілікке негізделген таңдау.

«Президент айтқандай: “Нағыз ерікті – қоғамдық игілік пен ұлттық мүддені жоғары қоятын саналы азамат”. Еріктілік – адамның қандай қоғамда өмір сүргісі келетінін таңдауы. Тек жеке тіршілікпен шектелген шағын әлемде ме, әлде қажет кезде өз шекарасынан шығып, айналаға ықпал ете алатын үлкен кеңістікте ме – бұл әр адамның саналы шешімі», – деді ол.

Жиынның шарықтау сәті – дауылпаздар үнімен өткен ортақ перформанс болды. Жүздеген белсенді бір ритмге қосылып, Еріктілер жылының басталуын және жеке жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуын символикалық түрде паш етті.

Қозғалыс жыл бойы Қазақстанның барлық өңірін қамтитын төрт ірі акцияны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Әр бастама жергілікті тұрғындарға нақты жобаларға қатысуға, азаматтық ұстанымын іс жүзінде көрсетуге және еріктілер қозғалысының белсенді мүшесі екенін сезінуге мүмкіндік бермек.

Тэгтер:

Астана Жаңа адамдар