Алматы әуежайына 2 млн теңге айыппұл салынды

Бүгін, 17:17 / Қайсар Қалам
Сурет: Алматы әуежайы

Алматы халықаралық әуежайы ұйғарымды орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Қаланың әуе айлағына 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жоғарғы соттың сайтындағы сот кабинетінде жарияланған іс материалдарында көрсетілгендей, әуежай Түрксіб ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан 2025 жылғы 11 қарашада берілген ұйғарымды орындамаған.

Әуежай 2026 жылғы 9 қаңтарға дейін тексеру барысында анықталған өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын жоюы тиіс еді. Атап айтқанда, әңгіме контейнерлерді жақын маңдағы ғимараттар мен құрылыстарға 18 метрден аз қашықтықта орналастыру (Air Astana centre 3-тің батыс жағы) туралы болып отыр.

Сондай-ақ, көлемдік-жоспарлау шешімдеріне жол берілген, соның салдарынан Т-2 халықаралық терминалының жүк бөліміндегі үй-жайларда автоматты өрт дабылы мен автоматты өрт сөндіру қондырғысының әрекет ету аймағы азайған.

Ұйғарымдардың орындалмағаны Алматы әуежайының аумағы мен үй-жайларын бақылау мақсатындағы жоспардан тыс тексеру кезінде анықталды. Осылайша, іс материалдарында айтылғандай, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігінде қарастырылған әкімшілік құқық бұзушылықты жасаған.

Әуежайға қызметін тоқтатпай, 2 162 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

«Сот «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ қызметін тоқтату түріндегі қосымша әкімшілік жаза шарасын қолданбауға болады деп санайды, өйткені оны қолдану міндетті емес, ал қызметті немесе қызметтің жекелеген түрлерін тоқтату айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соғуы мүмкін», - делінген сот қаулысында.

Тэгтер:

алматы әуежай айыппұл