Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев "Айран" арнасына берген сұхбатында өзіне бірнеше рет қызмет ұсынылғанын, алайда одан саналы түрде бас тартқанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Tizgin.kz басылымының жазуынша, Өнер иесі азаматтық ұстанымын жасырмайтынын, қажет кезде пікірін ашық білдіруді парыз санайтынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі көтерілгенде де, жаңа Конституция жобасындағы қазақ тіліне қатысты 9-баптың 2-тармағына да қарсы болған.
Журналист «сізге қызмет ұсынылды ма?» деген сұрақ қойған кезде әнші мұндай ұсыныстардың болғанын растады. Алайда ол билікке барудың мәнін көрмейтінін ашық айтты.
"Не істеймін онда? Мені кім тыңдайды? Бекболат пен Өнербаевтың Парламентте сөзін біреу тыңдады ма? Шерхан Мұртазаны тыңдады ма? "Жыланда ғана екі тіл бар" деп немесе “алтынның үстінде жалаңбұт отырмыз” деп айтқан да сол кісі еді ғой. Оны кім тыңдады? Мен барғанда нені өзгертемін? Соған кеткен уақытқа одан да қазақтың балаларына ән өнерін үйретейін, білім берейін, кітап оқытайын, адамдық жолға бағыттайын. Бәләмбай қызметке шақырғаны рас, бірақ онда мен домбырамды сүйеп кетуім керек қой!? Кәсібімді қоюыма тура келеді", – деді ол.
Әнші өзінің жолы – сахна мен ұстаздық екенін атап өтті. Ол дәстүрлі ән өнерін кейінгі буынға аманат етуді басты міндет санайтынын айтты. Осы тұста ол әйгілі дәстүрлі әнші Қайрат Байбосыновтың сөзін еске алды: «Біз ХХ ғасырда ХІХ ғасырдың жүгін көтердік, енді сол өнерді ХХІ ғасырдың жігіттеріне тапсырамыз».