Перт қаласының ауқатты аудандарының бірі – Мосман-Паркта болған бұл трагедия қоғамды селт еткізді. Екі бірдей мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана оларды өлтіріп, артынша өздері де өмірмен қоштасқан. Оқиға жай ғана отбасылық қасірет емес, әлеуметтік жүйенің дағдарысын көрсететін ауыр сигнал ретінде бағаланып отыр.
30 қаңтар күні таңғы сағат 8:15-те полицияға шұғыл қоңырау түскен. Үйге алдын ала белгіленген кездесу бойынша келген медициналық қызметкер есіктің сыртында «Кірмеңіздер» және «Полиция шақырыңыздар» деген жазбаны көреді. Кейін үй ішінен отбасының денелері табылған.
The Guardian басылымының хабарлауынша, тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр. Полиция соңғы сараптамалық қорытындыларды күтуде. Алайда қоғамда бұл оқиғаға байланысты сұрақтар әлдеқашан туындап үлгерді: мұндай қадамға не итермеледі?
Қайғылы жағдайдан бес күн өткен соң, 4 ақпанда, шамамен 50 адам жергілікті саябақта қаралы шеру ұйымдастырды. Олар тек қаза тапқан отбасының рухына тағзым етіп қана қоймай, әлеуметтік қолдау жүйесінің әлсіздігіне назар аударды.
Балалардың бұрынғы күтушісі Мэдди Пейдж мәлімдеме жасап, жүйенің бұл отбасын жалғыз қалдырғанын айтты.
«Жүйе оларды сатып кетті. Оларды басқа жол жоқ деп сезінуге мәжбүр етті», – дейді ол.
Бұл пікір әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Көптеген ата-аналар, әсіресе ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған жандар, өз бастарынан өткерген қиындықтарын бөлісті. Олар бюрократиялық кедергілер, жәрдемақының жеткіліксіздігі, мемлекеттік құрылымдардың қысымы туралы ашық жазды.
Оқиға Австралияда болғанымен, пікір қалдырғандардың арасында Ресейден, Қазақстаннан және өзге елдерден де аналар бар. Олардың сөздерінен бір ортақ сарын аңғарылады: ерекше бала тәрбиелеу – тек медициналық емес, әлеуметтік және психологиялық ауыр жүк. Ал мемлекет тарапынан жүйелі, тұрақты қолдау болмаса, бұл жүк кейбір отбасылар үшін көтергісіз болып кетуі мүмкін.
Қаралы шеру, жағылған шамдар, әлеуметтік желідегі мыңдаған пікір — мұның бәрі қоғамның эмоциялық реакциясы. Бірақ негізгі сұрақ сол күйі ашық қалып отыр: трагедияға жеткізбей тұрып қолдау көрсету тетіктері қайда болды?
Бұл оқиға – жеке бір отбасының тағдыры ғана емес. Бұл – жүйе, жауапкершілік және қоғамның әлсіз буынға деген қатынасы туралы әңгіме. Егер мемлекет ең осал топтарды қорғай алмаса, онда кез келген дамыған елдің әлеуметтік моделі қайта қарауды қажет етеді.