"Шерзатұлының денесі жерден қазылып алынды": Белгілі заңгер елді шулатқан іске қатысты мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Бүгін, 10:56 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Талғарда хабар-ошарсыз кеткен 27 жастағы Ғалымжан Шерзатұлының денесі жерден қайта қазылып алынды. Бұл туралы заңгер Бағдат Амандосұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Ғ.Шерзатұлының денесі жерден қазылып алынды. Бұл – бір отбасының емес, бүтін қоғамның дерті. Әділет кешікпеуі керек. Үнсіз қалмау – бәріміздің міндетіміз", – деп мәлімдеді заңгер.

Қайғылы оқиға қалай басталды?

Orda.kz мәліметінше, марқұм Түркістан облысы Келес ауданының тумасы болған. Алматыда әкесімен бірге тұрып, жұмыс істеген, бос уақытында такси қызметімен айналысқан.

Анасы Гүлнәр Момынованың айтуынша, 2025 жылдың 24 желтоқсанында ұлы танысу сайты арқылы бір адаммен кездесуге барған. Кейін кездескен "қыздың" шын мәнінде 14 жастағы жасөспірім екені белгілі болып, байланыс тоқтатылған. Алайда сол күні телефондары ауысып кеткендіктен, Ғалымжан келесі күні Талғарға қайта барған.

Туыстарының сөзінше, сол күні оны Талғар аудандық полиция қызметкерлері ұстап әкеткен. Марқұм қалдырған хатта полиция бөлімінде азаптауға ұшырағаны, бейнебақылау камералары өшіріліп, басына пакет кигізіліп соққы жасалғаны жазылған.

Азаптаудан кейін ол үйіне жіберілген. Сол түні анасымен ұзақ сөйлескен. Келесі күні таңертең үйінен шығып кеткен. Ұялы телефоны мен қоштасу хатын пәтерде қалдырған.

40 күннен кейін белгілі болған шындық

Әкесі мен туыстары оны іздеп, түрлі мекемелерге жүгінген. Алайда белгілі болғандай, Жетісу аудандық полициясы оның мәйітін қала сыртынан тауып, "туысы жоқ адам" ретінде жерлеп жіберген. Бұл туралы отбасы 40 күн өткен соң ғана хабардар болған.

Марқұмның жақындары бұл жағдайға күмәнмен қарап отыр.

"40 күн ішінде денедегі азап іздері жойылып кететінін біліп, әдейі уақыт созған сияқты. Сүйегі де терісінен ажырап кеткен. Бұл істе бір шикілік бар", – дейді туыстары.

Тэгтер:

заңгер әлеуметтік желі талғар Ғалымжан Шерзатұлы