Ташиев елден кетті: Қырғызстанда не болып жатыр?

Бүгін, 11:41 / Arasha.kz

Қырғызстанның бұрынғы ҰҚК басшысы Камчыбек Ташиев елден уақытша кеткені белгілі болды. Бұл туралы "Регион" телеарнасының директоры Өткүрбек Рахманов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп Arasha.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Рахмановтың айтуынша, Ташиевтің шетелге шығуы уақытша сипатқа ие. Алайда оның нақты қай елге және қандай мақсатпен кеткені, қанша уақытқа кеткені туралы қосымша ақпарат жарияланған жоқ.

Бұған дейін қоғамдық кеңістікте Камчыбек Ташиевке қатысты кадрлық шешімдер қызу талқыланған еді. Осы жағдай аясында оның алдағы жоспарына қатысты түрлі болжамдар айтылды.

Әзірге мемлекеттік органдар тарапынан Ташиевтің елден шығуына байланысты ресми түсініктеме берілген жоқ.

Еске салайық, 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Камчыбек Ташиевті барлық қызметінен босатқан болатын. Президенттің баспасөз қызметі бұл шешім «мемлекет бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы алауыздықтың алдын алу» мақсатында қабылданғанын хабарлаған. Бұл оқиға президентке мерзімінен бұрын сайлау өткізу жөнінде үндеу жасалған кезеңге тұспа-тұс келген.