ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың өткен жылдың қорытындылары мен 2026 жылғы негізгі басымдықтары туралы баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бюро басшысы ресми деректер сапасын, дәлдігін және жеделдігін арттыру, макроэкономикалық статистиканың әдістемелік базасын күшейту, сондай-ақ баламалы және әкімшілік дереккөздерді кеңінен пайдалану бойынша атқарылған жұмыстар нәтижелерін ұсынды. Соның арқасында өткен жылы респонденттерге түсетін жүктеме 30%-ға азайып, үлкен деректер статистикалық қызметке енгізілді.
Атап айтқанда, 2026 жылдың басынан бастап Бюро инфляцияны есептеудің жаңа тәсіліне көшті, оған фискалдық чектер мен маркетплейстердің деректері қолданылуда. Қазіргі уақытта бұл тәсіл 158 тауар мен қызметтің дәстүрлі бағасын есептеуді қосымша 120 млн құндық жазбаларға негізделген әдіспен алмастыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі - ЭЫДҰ) ұлттық статистикалық жүйеге шолу жұмыстары аяқталғаны хабарланды. Нәтижесінде Қазақстан ТМД елдері арасында ресми түрде ЭЫДҰ-ның статистикалық тәжірибені жақсарту жөніндегі ұсынымдарына қосылған алғашқы мемлекет болды.
Сондай-ақ кездесу барысында Цифрлық кодекске сәйкес Агенттікке деректер экономикасын дамыту жөніндегі жаңа құзырет берілгені атап өтілді. Осы бағыт аясында цифрлық экономиканың дамуына және мемлекеттік пен жекеменшік секторлар арасындағы сенімді нығайтуға ықпал ететін ашық әрі қауіпсіз деректер нарығын қалыптастырудың негіздері әзірленуде.
Осы мақсатта Цифрлық кодекс нормаларын іске асыру шеңберінде деректердің цифрлық өнімдерін алмасу және олардың айналымы платформаларының жұмыс істеу қағидалары қабылданатын болады.
Бұл деректерді экономикалық актив ретінде есепке алуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Шанхай деректер биржасымен бірлесіп Қазақстанның деректер биржасын дамытуға арналған әдіснамалық және технологиялық базаны қалыптастыру жұмыстары аяқталу сатысында.
2026 жылға арналған басымдықтардың қатарында - статистиканың одан әрі цифрлық трансформациясы, жасанды интеллект құралдарын енгізу, әкімшілік және баламалы дереккөздерден алынған үлкен деректерді белсенді пайдалану, сондай-ақ халықаралық интеграцияны нығайту болып табылады.
Көрсеткіштерді есептеудің жаңа әдістерін дамыту жалғастырылады: туризм және миграция статистикасында ұялы байланыс операторларының деректерін пайдалану, ішкі сауда статистикасында фискалдық чектер мен электрондық шот-фактура деректерін қолдану, тоқсандық ЖІӨ-ні дискреттік есептеу енгізу, халықтың ақша табысын бағалау әдістемесін жаңарту және халықаралық ҰШЖ (Ұлттық шоттар жүйесі)-2025 стандартына көшу кезеңін бастау. Бұл шаралар ресми статистиканың аналитикалық тереңдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жылдың екінші жартысында «Taldau» ақпараттық-талдамалық жүйесінің жаңартылуы аяқталып, пайдаланушылармен өзара әрекеттесу, деректерді іздеу және талдау, ақпаратты автоматты түрде классификациялау үшін ЖИ-ассистенттер негізінде интерактивті мүмкіндіктер кеңейтіледі.
Сондай-ақ, респонденттерден статистикалық есептілік қабылдау үшін тоғыз сауалнама формасы бойынша мобильді қосымша іске қосылады.
Ұлттық статистика бюросындағы Мінез-құлық экономикасы және үлкен деректерді талдау орталығы базасында экономикалық белсенділіктің жедел трекерлер жүйесі қалыптасуда. Кәсіпорындарда жасанды интеллект қолдануды қадағалау бойынша жалпыұлттық статистикалық бақылау енгізілуде, бұл экономика цифрландыруын басқаруда жүйелі әрі өлшенетін тәсілді қамтамасыз етеді.
Бюро сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты күшейту үстінде.
2026 жылы Қазақстанның статистика және статистикалық саясат бойынша ЭЫДҰ-ның профильдік комитетіне қосылуға дайындықты аяқтау, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының ұсыныстарын іске асыруды жалғастыру, сондай-ақ елдің Дүниежүзілік банктің статистикалық тиімділік көрсеткіштері (Statistical Performance Indicators) мен Open Data Watch ұйымының деректердің ашықтығы (Open Data Inventory) рейтингтерінде позициясын көтеру жоспарлануда. Астанада деректер саласындағы құзыреттілікті дамытуға арналған өңірлік орталық – Data Literacy Hub құру жұмыстары аяқталуда, ол заманауи цифрлық шешімдермен және визуализация жүйелерімен жабдықталған.
Кездесуді қорытындылай келе, Әсет Ерғалиев Бюроның ресми статистиканы қалыптастырудағы негізгі даму басымдықтарын атап өтіп, статистикалық қызметте жасанды интеллект қолдану мен үлкен деректер экожүйесін дамыту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Аталған басымдықтарды жүйелі жүзеге асыру елдің стратегиялық басқару және тұрақты даму мүддесіне сәйкес заманауи әрі технологиялық ұлттық статистикалық жүйені одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.