Саясаткер, бұрынғы депутат Серік Әбдірахманов "Qazaq Airan" YouTube арнасына берген сұхбатында марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы туралы өткір пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сұхбат барысында ол "Жас Алаш" газетінің жекешелендірілуі туралы да сөз қозғап, басылымның 200 мың теңгеге сатып алынғанын айтты.
Журналистің "Неге өзіне аударып алды деп ойлайсыз?" деген сұрағына Әбдірахманов:
"Енді ол да Әкежан Қажыгелдин сияқты өз алдына тірлік жасағысы келгені ғой. Ол талай нәрсені өзіне жасап алды. Сонан соң Алтынбекті мен қатты сынайтыным, ұры жүйенің идеологы болған адам. Осы ұры жүйені қалыптастырды. Содан кейін Заманбек. Ол өлер алдында жазған бір жазуы бар ғой, сонда халықтан кешірім сұраған. Міне сол үшін. Соның ішінде Алтынбек белшесінен батып отыр. Бір сұхбатымда айтқаным бар, "егер осы дүниеге Алтынбек тіліріп келсе, менен кешірім сұраудан бастайды" деп. Оны ары қарай қопармай-ақ қояйық", – дейді Серік Әбдірахманов.