Иран мұнай тасымалы өтетін Ормуз бұғазын жауып тастаймын деп сес көрсетті

Бүгін, 12:43 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Әлемдік энергия тасымалының күретамыры саналатын Ормуз бұғазында жағдай қайта ушықты. Иран билігі «жоғарыдан бұйрық түссе», теңіз мұнайының төрттен бірі өтетін бұл стратегиялық жолды кез келген сәтте бұғаттауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ислам революциясы сақшылар корпусы Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Әлиреза Тангсири бұғазда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында Тегеранның бұл қадамға баруға толық мүмкіндігі бар екенін растады. Жаттығу кезінде Иран зымыран кемелерін теңізге шығарып, жағалаудан соққы беру әдістерін және соққы жасаушы дрондарды сынақтан өткізді.

Бұл мәлімдеме Иран мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі тұсында жасалып отыр. Дональд Трамп Тегеранға «қатаң шаралармен» сес көрсетсе, 17 ақпанда Женевада өткен келіссөздерде тараптар ядролық бағдарлама бойынша тек алғашқы принциптерді ғана келісе алды.

Ормуз бұғазы әлемдік энергетиканың басты өткелі. Оның маңызы цифрлармен айтқанда: күн сайын 20 миллион баррель мұнай өтеді (теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың 25%-ы). Әлемдік сұйытылған табиғи газдың (СТГ) 35%-ы осы бағыт арқылы жөнелтіледі. Парсы шығанағы елдерінің экспорты толықтай осы жолға тәуелді.

Сыртқы саясаттағы текетірес Иранның ішкі тұрақсыздығымен тұспа-тұс келіп отыр. AFP агенттігінің хабарлауынша, елде қысқы қанды оқиғалардың құрбандарын еске алу шаралары жаңа митингілерге ұласуда. Наразы топтар «Хаменеиге өлім» деп ұрандаса, билікті жақтаушылар Америка мен Израильге қарсы акциялар өткізуде.

2018 жылдан бергі санкциялар мен ұлттық валютаның құнсыздануынан жиналып қалған әлеуметтік шиеленіс соңғы онжылдықтағы ең ірі наразылық толқынына айналды. Енді сыртқы әскери қақтығыс қаупі бұл жағдайды одан ары күрделендіре түспек.
 

Тэгтер:

Иран мұнай Ормуз бұғазы