Талдықорған қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы аясында Жетісу облысының активімен кездесу өтті. Іс-шара алдағы республикалық референдум мен жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева реформалардың саяси және әлеуметтік мәніне тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған өзгерістер мемлекеттік басқарудың әділ әрі тиімді моделін қалыптастыруға бағытталған. Ол реформалар пакетінің маңызды тұстарының бірі ретінде бір палаталы Парламент құру бастамасын атап өтіп, бұл заң шығару үдерісін жеделдетіп, жауапкершілікті арттыратынын жеткізді.
«Референдум – тағдыршешті өзгерістерді халықтың тікелей таңдауы арқылы бекітудің маңызды демократиялық құралы. Бұл – формалды рәсім емес, стратегиялық маңызы бар шешімдерді қабылдауға азаматтардың қатысу тетігі», – деді Аида Балаева.
Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Конституцияның әлеуметтік және құндылықтық мазмұнына назар аударды. Оның пікірінше, Ата заң әрбір азамат үшін әділдік пен қауіпсіздіктің нақты кепілі ретінде сезілуі тиіс.
«Референдумдағы таңдау – мемлекет болашағы үшін жауапкершілік. Конституция – әр отбасының да қорғаны», – деді депутат.
Талқылауға Мәжіліс депутаты Никита Шаталов, Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы – ректоры Болат Тілеп, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басшысы Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ төрайымы Жұлдызай Ысқақова, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева және облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт қатысты.
Болат Тілеп жаңа Ата заң мазмұнында «Әділетті Қазақстан» идеясының құндылықтары көрініс тапқанын атап өтті. Ал Жұлдызай Ысқақова неке институтын конституциялық деңгейде бекіту бастамасына тоқталып, оның құқықтық және әлеуметтік маңызын түсіндірді. Оның айтуынша, некені ер мен әйелдің тең құқықты одағы ретінде нақтылау отбасылық құндылықтарды нығайтуға және мәжбүрлі некеге қарсы нөлдік төзімділік қағидатын орнықтыруға мүмкіндік береді.
Ермек Келемсейіт Парламент атауын «Құрылтай» деп өзгерту бастамасының тарихи мәніне назар аударды. Оның пікірінше, бұл қадам ұлттық бірегейлікті күшейтіп, мемлекеттілік дәстүрлерді жаңғыртуға жол ашады.
Гүлнар Тойлыбаева өз сөзінде жаңа Конституцияда әділдік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттардың алғаш рет бекітілгенін айтты. Сонымен қатар мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық екені нақты айқындалғанын атап өтті.
Кездесу соңында өңірлік актив өкілдері өз сұрақтарын қойып, референдумға қатысудың маңыздылығын атап өтті.