Балқашта тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып түсті

Бүгін, 13:33 / Қайсар Қалам
Сурет: видеодан скрин

Балқаш қаласындағы Қараменде би көшесінде орналасқан үйдің бір бөлігі опырылып түсті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бес қабаттың бірқатар пәтерлері төменге қарай опырылған. Жергілікті әкімдік аталған үйдің 5-ші кіреберісі өткен жылы апатты деп танылып, бөлшектеуге (демонтаж) жататыны туралы шешім шығарылғанын хабарлады, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.

«2025 жылы аталған кіреберіс Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілген техникалық қорытынды мен құрылыс сараптамасы негізінде апатты деп танылғанын хабарлаймыз. 5-ші кіреберістің тұрғындары пәтерлер тұруға жарамсыз деп танылғандықтан, алдын ала көшіріліп, заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж жандар ретінде есепке қойылды. Опырылу кезінде қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Ғимарат қоршауға алынып, кіруге шектеу қойылған, инженерлік коммуникациялар (электр, жылу, сумен жабдықтау) белгіленген тәртіппен ажыратылған», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қала әкімшілігінің мәліметінше, қазіргі уақытта құлаған бөлікті бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Апатты кіреберіс толық бөлшектелгеннен кейін, қалған 4 кіреберіске сараптама жүргізіп, оларды нығайту жұмыстары қолға алынады деп уәде берілді.
 

Тэгтер:

үй Балқаш