Жезқазғанда компания басшылығы мен өңірдегі кәсіпорындардың жұмыскерлері арасында өткен кездесуде өнеркәсіптің ел дамуына қосатын үлесі мен жаңа институционалдық өзгерістер кезеңіндегі Қазақмыстың міндеті талқыланды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі өз сөзінде тау-кен металлургия саласының Қазақстан экономикасынан алатын орнын атап өтіп, тәртіп пен жауапкершіліктен құралған жүйелі жұмыс компанияның негізгі ұстанымы екенін жеткізді. Сондай-ақ ол мұнда әрбір үдеріс мұқият тексеріліп, әрбір талап қауіпсіздік пен сапа стандартына негізделетінін айтты.
Кездесуде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы және оның ел мен өңірлердің тұрақты дамуына тигізетін әсері талқыланды.
Руслан Өскенәлі «Қазақмыс» корпорациясы мемлекеттің құқықтық негізін нығайтуға, басқару қағидаттарының ашықтығын арттыруға, сондай-ақ мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы өзара жауапкершілік теңгерімін сақтауға бағытталған конституциялық реформаны қолдайтынын атап өтті.
«Біз өңірдегі ең ірі өнеркәсіптік компания ретінде тұрақтылыққа, реттеудің айқындығына және реформалардың дәйектілігіне мүдделіміз. Бизнес үшін алдын ала болжам жасауға болатын, заңға негізделген және барлығына бірдей жағдай жасалған орта маңызды. Ал қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктер, қауіпсіздік және ертеңгі күнге деген сенім қажет», – деді ол.
Оның сөзінше, мемлекеттің тұрақтылығы түсінікті әрі орнықты ережелерге, ұзақ мерзімді даму жоспарына және өңірлерді жүйелі қолдауға негізделеді. Осы орайда Руслан Өскенәлі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлерге, оның ішінде Ұлытау облысына ерекше қолдау көрсету қажеттігі туралы сөзін еске салды. Практикалық тұрғыдан алғанда бұл «Қазақмыс» корпорациясының өзіне қатысы бар өңірлерді дамыту, инфрақұрылым мен білімге инвестиция салу, сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі жүйелі жұмысының жалғасы болмақ.
Басқарма төрағасы бизнес пен қызметкерлер үшін тұрақты әрі ашық іскерлік ортаның маңызы ерекше екеніне тоқталды.
Компания Президент көрсеткен бағытты қолдайтынын және өзіне қатысты кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, өңірлерді дамыту сонда-ақ ел экономикасын нығайту міндетін тиісінше орындап жатқанын мәлімдеді.
Компания басшылығының ұстанымына өндірушілердің аға буын өкілдері де қолдау білдірді.
«Біз өмір бойы өндірісте жүрдік. Сол тәжірибеден түйген бір шындық бар: елдің нағыз тірегі – еңбек адамы. Заң айқын, тәртіп берік, жауапкершілік ортақ болса ғана өндіріс те, мемлекет те алға басады. Бүгін қабылданатын шешім – ертеңгі ұрпақтың өміріне әсер етеді. Сондықтан әрқайсымыз ел болашағына бейжай қарамауымыз керек», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров.
Ардагер Негізгі заңның нормалары еңбек адамының құқығын қорғауда және тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімді қалыптастыруда ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Сөз соңында Басқарма төрағасы қызметкерлерге адал еңбегі және компания мен өңірдің дамуына қосып жатқан үлесі үшін алғыс айтып, болашақтың берік болуы тәртіпке, жүйелі жұмысқа және мемлекеттік институттарға деген сенімге негізделетінін айтты.