Жетім балаларға баспана беру мәселесі тағы да қызу талқыланып жатыр. Қамқоршылар ашық наразылық білдіруде: бірінің баласы ескі мекенжаймен тіркеліп кетсе, бірінің кезегі жылжымай тұр, енді бірі «инвентаризация» дегеннің не екенін түсінбей дал. Тіпті жылдар бойы жетімді кезекке тұрғыза алмай жүрген тұлғалар да бар. Балалардың заңды өкілдері «Бізді ешкім естімейді, үнсіз күтіп отырмыз» дейді. Ал банк өкілдері бәрі заң бойынша жүзеге асырылып жатқанын алға тартып отыр. Бірақ асыраушысынан айырылған балалар үшін бастысы қағаздағы есептер емес, нақты нәтиже қажет.
«Отбасы банк» өкілдері кезек пен деректерді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтуда. Банктің мәліметінше, 2025 жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үй кезегі орталықтандырылған түрде жүргізіледі. Әкімдіктерден 642 мыңнан астам адамның дерегі алынған. Қазан айынан бастап база кезең-кезеңімен тексеріліп жатыр. Талдау барысында қағаз есептен электрондық жүйеге көшу кезінде деректердің жоғалуы, мекенжай өзгерістерінің дұрыс тіркелмеуі сияқты мәселелер анықталған.
Қолдауды қай өңірден алады?
Ал қамқоршылар «Отбасы банк» жүйесіндегі тіркеу мәселесіне көңілі толмайтынын жеткізді. Олардың айтуынша, кей балалар автоматты түрде бұрынғы мекенжайына тіркеліп кеткен. Түзету мүмкін емес.
«Олар біздің қолымызда екенін қалай дәлелдейміз? Батырмасы жұмыс істемейді, бағдарлама толық жасалмаған», – дейді Самал есімді қамқоршы. Сонымен қатар көптеген азаматтар
Сондай-ақ банк өкілдері жетім балалардың мекенжай ауыстыруына байланысты қиындықтар ескерілгенін хабарлады. Бұған дейін мектеп бітірген соң басқа қалаға кеткен жетім балалар тұрғын үй бөлу кезінде қиындыққа тап болатын. Енді олардың қазіргі тіркеуі емес, кезекке тұрған аймағы есепке алынады. Яғни, мемлекеттік қолдауды бастапқы тіркелген өңірден ала алады.
Кезекке тұрудың машақаты
Гүлнұр Тұрдалы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіндегі бірнеше кедергіге тап болғанын айтып, жауапты органдардан түсіндірме сұрайды. Оның сөзінше, мәселе үш бағытта туындаған.
Бірінші мәселе – сіңлісін заңды түрде өз атына рәсімдеу процесінің ұзаққа созылуы. Гүлнұрдың айтуынша, eGov порталы арқылы заңды өкіл ретінде тіркелу бірден жүзеге аспаған.
«Сіңілімді заңды түрде өз атыма рәсімдеу үшін бірнеше мекемеге барып, қайта-қайта өтініш беруге тура келді. Тек содан кейін ғана құжаттар реттеліп, қызмет Kaspi.kz пен eGov жүйесінде көрінді», – дейді ол.
Екінші мәселе – әлеуметтік төлемнің уақытында берілмеуі. Техникалық тұрғыда заңды өкіл ретінде дер кезінде тіркелмегендіктен, екі ай бойы тиесілі төлемді ала алмаған.
«Заңды өкіл ретінде уақытында тіркелмегенім үшін екі ай әлеуметтік төлем алмадым. Қаражат кешігіп, төлем мерзімі өтіп кетті. Қазір маған тиесілі ақшаны алу мәселесі әлі шешілмей отыр», – дейді Гүлнұр.
Үшінші мәселе – тұрғын үй кезегіне тіркелу барысында бас тарту туралы шешімнің шығуы. Бұған мұрагерлік жолмен қалған үйдегі үлесінің (доля) болуы себеп болған.
«Мұрагерлікпен қалған үйде аз ғана үлесім бар. Соған байланысты тұрғын үй кезегіне тіркелуден бас тарту туралы шешім шықты. Бұл менің кезекке тұруыма кедергі болып отыр», – дейді ол.
Гүлнұр Тұрдалы аталған мәселелер бойынша заң аясында нақты түсіндірме беріліп, тиісті шешім қабылдануын сұрайды. Оның айтуынша, құжаттық және техникалық кідірістер әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтардың жағдайын одан әрі қиындатып отыр.
Тұрғын үйге мұқтаждардың арасында жетім балалардың кезегінің жылжуына да қатысты сұрақ көп. Кей қамқоршылар 2018 жылдан бері кезекте тұрғанын, бірақ нәтиже жоқ екенін айтады. «Үлкендерінің кезегі артқа жылжып кеткен», – дейді әпкесінің балаларына бас-көз болып отырған Айнұр. Сондай-ақ қамқоршылардың арасында 2024 жылдан бері мүлде кезекке тұра алмай жүргендер де бар.
Әрине, қамқоршылардың бұл уәжіне қатысты банк өкілдері кезек тәртібі сақталған деп жауап берді. Олардың сөзінше, тұрғын үй тек кезекке тұрған күнге қарай бөлінеді, ал барлық ақпарат ашық әрі қолжетімді. Инвентаризациядан сәтті өтсе мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген шарттар бойынша үй алуға болады.
Сонымен қатар банк тегін тұрғын үй бермейтінін алға тартып отыр. Өйткені тегін немесе кезектік баспана беру – әкімдіктердің құзыреті. «Отбасы банк» өз кезегінде жалға берілетін немесе кредиттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыратынын жеткізді.
«Инвентаризация» не өзі?
Банк бұл процесті деректерді түгендеу, жаңарту және әділ бөлуді қамтамасыз ету үшін жүргізіп жатқанын түсіндіреді. Бұрынғы жүйеде ескірген мәліметтерге сүйеніп тұрғын үй бөлу жағдайлары болған. Енді жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй тек деректері толық тексерілген азаматтарға ғана ұсынылады.
Дегенмен жетім балалардың заңды өкілдері қазіргі жағдайда үміттен күдік басым тұрғанын айтып отыр.
«Инвентаризация деген не өзі? Мен мүлде білмеймін. Бұл әдейі бәрін араластырып, өз адамдарын білдірмей кіргізу үшін жасалған сияқты. Менің балам жетім, өзім мүгедекпін. Осы кезекке жетпей кететін шығармын», – дейді күмәнін жасырмаған Ләйлә есімді қамқоршы. Ол қазіргі таңда өз немерелін бағып-қағып отырған әже.
Ал заңгер Жалғасым Шотанов қазіргі процесс қарапайым азаматтарға тым күрделі әрі түсініксіз екенін айтып отыр.
«Бұл жер адамдарды әдейі адастыратын жүйеге айналған. Нақты танысы немесе ішкі байланысы жоқ адам бұл процесті түсіне де, шеше де алмайды. Тәжірибеде мәселе тек делдал арқылы, белгілі бір «көмек» көрсетілген жағдайда ғана алға жылжиды. Ал заң талаптарына сай шешілмеген мәселе сол күйі шешілмей қалады. Шешімдер туыстық немесе таныстық арқылы ғана жүзеге асқан. Негізгі мақсат , тізімді формалды түрде жаңарту. Белгілі бір адамдарды, баланстық тізімге, енгізіп, оны жоғары жаққа көрсетумен шектеледі. Осыған байланысты бұл мәселені заңды түрде, ашық және міндетті тәртіппен шешу қажет», – дейді маман.
Аталмыш мәселелер жөнінде банк өкілдері кезек тәртібі сақталғанын, бөлу күні мен заң талаптары негізгі өлшем екенін айтуда. Сондай-ақ жиі кездесетін шағымдар бойынша банк белгілі бір жеңілдіктер енгізгенін хабарлады.
Мысалы, бұрын тұрғын үйде аз ғана үлесі бар адамдар мемлекеттік қолдаудан шеттетілетін. Енді 2026 жылдың ақпан айынан бастап үлестің болуы жеңілдетілген ипотека немесе жалға берілетін тұрғын үй алу құқығына кедергі болмайды.
Сонымен қатар жетім балалар мен мүгедектігі бар азаматтарға табыс болмаған жағдайда да бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беріліп, екі адамға дейін кепілгер тартуға рұқсат етілген.