Трамп «бөтенпланеталықтар мен жерден тыс тіршілікке» қатысты құжаттарды жариялауды тапсырады

Бүгін, 10:08 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Әскери министрге бөтенпланеталықтар мен жерден тыс тіршілікке, белгісіз әуе құбылыстарына қатысты құжаттарды жариялауды тапсырды, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Халықтың үлкен қызығушылығын ескере отырып, мен Әскери министрге [Пит Хегсетке] және тиісті департаменттер мен агенттіктерге бөтенпланеталықтар мен жерден тыс тіршілікке, белгісіз әуе құбылыстарына (БӘҚ) және белгісіз ұшатын нысандарға, сондай-ақ осы өте күрделі, бірақ өте қызықты әрі маңызды мәселелерге қатысты үкіметтік құжаттарды анықтау және жариялау процесін бастауды тапсырамын», — деп жазды АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің әлеуметтік желісінде.

Бұған дейін Трамп Барак Обаманың подкастта бөтенпланеталықтар туралы айтқан сөздерінен кейін оны «бөтенпланеталықтардың бар екендігі туралы құпия ақпаратты жария етті» деп айыптаған болатын. «Иә, олар бар, бірақ мен оларды көрген жоқпын», — деген еді Обама. Сондай-ақ ол өзінің президенттігі кезінде жерден тыс тіршілік иелерімен байланыс орнатылғаны туралы ешқандай дәлел көрмегенін хабарлады.

Кейінірек ол подкаст жазбасының үзіндісін жариялап, бұл жерде тек жерден тыс тіршіліктің болуының статистикалық ықтималдығы туралы айтқанын түсіндірді: «Мен жүргізушінің жылдам сұрақтарының қарқынына бейімделіп, тез жауап беруге тырыстым».

Бөтенпланеталықтардың бар-жоғы туралы сұраққа президент Трамп былай деп жауап берді: «Шыны керек, олардың бар-жоғын білмеймін. Тек оның құпия ақпаратты жария еткенін айта аламын. Ол бұлай істемеуі керек еді. Ол үлкен қателік жасады».
 

Тэгтер:

Трамп құжат бөтенпланеталық