Түркістан облысында білім беру саласына бөлінген 583 млн теңге жымқырылған

Бүгін, 11:00 / Қайсар Қалам
Сурет: ЖИ

Бәйдібек аудандық білім бөлімінің басшылары мен есепшілері жалған құжаттар рәсімдеу арқылы 583 млн теңгеден астам қаражатты ұрлаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Түркістан облыстық соты бюджет қаражатын ірі көлемде жымқыру ісіне қатысты үкім шығарды. Сотталушылар орындығына «Бәйдібек ауданының білім бөлімі» ММ-нің 18 қызметкері  басшылық құрам, есепшілер мен экономистер отырды.

Қылмыстық схема педагогтар мен мектептің басқа да қызметкерлерінің жалақысына берілетін өтінімдерді негізсіз арттыру арқылы жүзеге асырылған. Ақша кейіннен бөгде адамдардың есепшоттарына аударылып отырған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, қылмыстық әрекеттердің салдарынан бюджеттен 583 млн теңгеден астам қаражат шығарылған. Дегенмен, тергеу барысында келтірілген шығын толықтай өтелді.

Төрт айыпталушы амнистияның арқасында жазадан құтылды. Қалғандары үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын алды.
 

Тэгтер:

сот Түркістан облысы жемқорлық білім саласы