0 ақпан күні сағат 09:40 шамасында Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайға төртінші буынды Су-30 көпфункционалды жойғыш ұшағы жоспардан тыс қонды, деп хабарлайды Arasha.kz сайты «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақты 1986 жылы туған Ресей Федерациясының азаматы, Башқұртстан Республикасы Белорецк қаласының тумасы Дмитрий Нифантьев басқарған.
Мәлімделгендей, борт Каспий теңізінің айдынында әскери-жаттығу ұшуын орындап жүрген. Ұшу барысында ұшқыш бағытынан жаңылысқан. Осыдан кейін Атырау әуежайына шұғыл қону туралы шешім қабылданды.
Қону процесі штаттық режимде өтті, жолаушылар үшін және әуежай жұмысына ешқандай қауіп төнген жоқ. Тұрақты рейстер кесте бойынша орындалды. Жойғыш ұшақ жерде аз ғана уақыт болып, ұшқышқа медициналық көмек көрсетілді.
Қажетті рәсімдер мен келісу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ұшақ Қазақстан Республикасының аумағынан шығып, Ресейге оралды. Құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.