Байкал көлінде "УАЗ" маркалы автокөлік мұз астына түсіп кетіп, салдарынан жеті турист пен жүргізуші қаза тапты, деп Arasha.kz тілшісі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 20 ақпан күні күндіз болған. Шамамен сағат 15:00-де жүргізуші Хужир ауылындағы демалыс базасынан шығып, туристерді Хобой мүйісіне қарай көлдің мұзы арқылы апара жатқан. Жол үстінде көлік мұз ойығына түсіп кеткен.
Көлікте барлығы тоғыз адам болған: сегізі – Қытайдан келген туристер, бірі – 44 жастағы жергілікті тұрғын жүргізуші. Қаза тапқандардың арасында 2013 жылы туған бала да бар. Бір турист аман қалып, сыртқа шыға алған.
Қаза тапқандар арасында Қытай азаматтары – ерлі-зайыптылар, олардың 14 жастағы баласы және тағы бір туысы болғаны белгілі болды. Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзевтің мәліметінше, олар сапарды туроператор арқылы емес, жүргізушімен тікелей келісіп ұйымдастырған.
Алдын ала дерек бойынша, көлік ені үш метрлік мұз жарығына тап болған. Оқиға болған жерде су тереңдігі шамамен 18 метрді құрайды.
Аман қалған жолаушы қазір демалыс базасында. Жақын уақытта тергеушілер одан жауап алады.
Иркутск облысының басшысы Игорь Кобзев Ольхон аралына баратын мұз өткелі әлі ашылмағанын еске салды. Мұз үстіне шығуға қатаң тыйым салынған әрі бұл өте қауіпті екенін атап өтті.