Министрге бағынбайтын Тергеу комитеті: Жапаров не жоспарлап отыр?

Бүгін, 15:02 / Arasha.kz
Ақорда. Суретте: Садыр Жапаров

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетін (ҰҚМК) ауқымды реформа күтіп тұр. Бұл туралы республика президенті Садыр Жапаров "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп Arasha.kz тілшісі АКИpress-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Сұхбат барысында журналист арнайы қызметтің беделіне қатысты сын-пікірлерді алға тартқан. Айтуынша, кейбір қызметкерлер өз куәліктерін орынсыз көрсетіп, органның абыройына нұқсан келтіруде.

Президент бұл жағдайдан хабардар екенін айтып, бұрынғы ҰҚМК басшысы Камчыбек Тәшиевке бірнеше рет ескерту жасағанын жеткізді.

"Мен: "Досым, ҰҚМК-нің беделін көтеру керек. Ол бұрынғы КСРО-ның КГБ-сындай мәртебелі болуы тиіс. Қазір қызметкерлер тіпті киоскілерде де куәліктерін көрсетеді дегенге дейін жетті. Мұндай сыннан арылу керек" деп бірнеше рет айттым", – деді Жапаров.

Президенттің сөзінше, реформа тек шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметін құрамнан шығарумен шектелмейді. Бұдан былай ҰҚМК тек өзіне тән міндеттермен айналысады: барлау және қарсы барлау, конституциялық құрылымды қорғау, терроризммен, экстремизммен, бандитизммен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес.

"Экономикаға араласпайды. ҰҚМК немен айналысатынын және оның қызметкерлері кім екенін ешкім білмеуі тиіс", – деп атап өтті Жапаров.

Сонымен қатар, Қырғызстанда жаңа Тергеу комитеті құрылатыны жарияланды. Ол тікелей президентке бағынатын болады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шешім тергеу барысында әділетсіздіктің алдын алу үшін қажет.

Президенттің айтуынша, реформа келесі жылдан бастап жүзеге асады. Биыл Қырғызстан ШЫҰ саммиті мен Көшпенділер ойындарын қабылдайтындықтан, негізгі өзгерістер кейін басталмақ.

Тэгтер:

президент реформа Қырғызстан садыр жапаров