"Аллаға шүкір" – Допингпен ұсталған Жәнібек Әлімханұлы шұғыл мәлімдеме жасады

Бүгін, 18:52 / Arasha.kz
instagram.com/janibek_alimkhanuly. Суретте: Жәнібек Әлімханұлы

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) шешімінен кейін жанкүйерлеріне үндеу жолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

WBO орта салмақтағы әлем чемпионына қатысты ресми шешім шығарып, мельдонийге байланысты допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткеніне қарамастан, қазақстандық спортшыны чемпиондық белбеуден айырмау туралы қаулы қабылдады.

2026 жылғы 19 ақпандағы резолюцияға сәйкес, Әлімханұлы бір жылға дисквалификацияланды. Шеттету мерзімі 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап есептеледі. Дәл осы күні ұйым спортшының допинг-сынағы оң нәтиже бергені туралы ресми ақпарат алған.

Сонымен бірге, WBO комитеті қазақстандық боксшының бұған дейін антидопинг ережелерін бұзбағанын, тергеу барысында толық ынтымақтастық танытқанын және бұл алғашқы құқықбұзушылық екенін ескеріп, чемпиондық атағын сақтап қалуға шешім қабылдады.

Шешім жарияланған соң Жәнібек жанкүйерлеріне алғыс айтып, жақын арада рингке оралатынын жеткізді.

"Аллаға шүкір! WBO чемпиондық титулын сақтап қалдық! Желтоқсанда шаршы алаңға ораламыз. Қолдау көрсеткен барша жанкүйерге рақмет!" – деді боксшы.

Дисквалификация мерзімі аяқталғаннан кейін Әлімханұлы WBO-ның уақытша чемпионымен немесе міндетті үміткермен жекпе-жек өткізуі тиіс. Оған дейін аралық кездесу өткізуге рұқсат берілмейді. Егер белгіленген талаптар орындалмаса, ұйым чемпиондық белбеуді қосымша рәсімсіз қайтарып алуы мүмкін.

Жәнібек рингке қайта оралғанға дейін WBO уақытша титул үшін Дензел Бентли мен Эндри Сааведра арасындағы айқасқа келісім берді.

Айта кетейік, ұйым шешіміне 14 күн ішінде апелляция беру мүмкіндігі қарастырылған.

Тэгтер:

бокс допинг чемпион Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокс