Дәрі-дәрмек бағасы 15%-ға қымбаттады

Бүгін, 12:11 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Қазақстанда дәрі-дәрмек жеткізушілерге қатысты Салық кодексінің жаңартылған нормалары күшіне енді, деп хабарлайды Arasha.kz.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап коммерциялық сегментте дәрілік заттарды сататын көтерме және бөлшек сауда компаниялары белгіленген бағаның 5% мөлшерінде ҚҚС (қосылған құн салығын) төлей бастады. 2027 жылдан бастап бұл мөлшерлеме 10%-ға дейін өседі.

Ерекшелік тек мына санаттарға қарастырылған:

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясындағы препараттар;

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберіндегі дәрілер;

Орфандық (сирек) ауруларды емдеуге арналған препараттар.

Ranking.kz мәліметінше, 2025 жылдың тамызында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дәрілік заттардың шекті бағаларын қалыптастыру тәртібін реттейтін бұйрығы күшіне енген болатын. Құжат өндірушілер (соның ішінде шетелдік), көтерме жеткізушілер және бөлшек саудадағы дәріханалар үшін ең жоғары сату бағаларын анықтайды. Бұл жаңашылдық шамамен 5 мың атауды қамтып, бағаның өсуін тежеуге бағытталған еді.

Алайда, реттеу шараларының күшейтілгеніне қарамастан, нарықтағы жағдай күтілгенге қарама-қайшы болып шықты. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында фармацевтикалық препараттар 2025 жылдың басымен салыстырғанда 15%-ға қымбаттаған. Бұл — осы және өткен жылдардағы сектордағы ең жоғары тұтыну бағаларының индексі.

Егер 2025 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында дәрі-дәрмек бағасының өсуі 7–8% шегінде болса, тамыздан бастап (Денсаулық сақтау министрлігінің шекті бағалар туралы бұйрығы күшіне енген соң) қымбаттау қарқыны 9–15%-ға дейін жеделдеді. 2026 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш соңғы бірнеше жылдың қаңтар айларымен салыстырғанда ең жоғары деңгейге жетті.

Осылайша, жекелеген позициялар бойынша бағаны реттеу іс жүзінде нарықтағы дәрі-дәрмектің жалпы құнының өсуімен қатар жүрді.
 

Тэгтер:

статистика дәрі-дәрмек қымбатшылық